СІЗ ТУРАЛЫ ҚАН ТОБЫҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Әр адам өзінің қандай қан тобына жататынын жақсы білуі мүмкін. Бірақ қан тобы адам мінезінің қандай екеніне әсер ететінін білмеуі ғажап емес. Ал қан тобы мінез қалыптастырушы фактор болып табылады екен.

Адамның қаны 4 топқа бөлінеді. Қанның топтық қасиеттері иммунитет құбылысына тікелей қатысты. Қан топтарының ашылуына байланысты қан құю ережелері жасалынды.

Адамның жалқау, қатал немесе аса мейірімді болуы қан тобына байланысты, — дейді мамандар. Гиппократ та мінездің алуан түрлі болуы ағзадағы сұйықтыққа: өт, сөл, қанның аз-көптігіне қатысты болатынын дәлелдеген болатын.

Ғалымдардың айтуынша, табиғаттағы ақпарат сақтаушы бірден-бір нәрсе — су. Адам ағзасының көп бөлігі судан тұрады. Ол басқа да биологиялық заттармен қосылып, тұлға туралы құпияланған ақпарат береді. Бұл шифрды «адамның өмірі мен дамуы туралы мәлімет беретін биологиялық код, яғни қан тобы» деп атауға болады.
Ойлап қарасаңыз, бір жағдайда әрқайсысымыз әртүрлі шешім қабылдаймыз. Біреу салқынға шыдай алмаса, енді бірінің ыстықта берекесі кетеді.
Қанды бірнеше топқа бөлу керектігі туралы ХІХ ғасырда айтыла бастады. 1907 жылы чех оқымыстысы Я.Янский қан тобының 4-ке бөлінетінін айтты.
Әлемде ең көп кездесетін қан тобы — 1-ші топ. Жер бетіндегі халықтың 45%-ының қаны осы топтан. 2-ші қан тобы — дүниежүзіндегі адамдардың 35%-ына тән. Адамдардың 13%-ының қаны 3-топқа жатады. Ал, 4-ші қан тобы өте сирек, адамдардың небәрі 7%-ында кездеседі екен.

Жапонияның қан тобын білуге деген ерекше құштарлығы өткен ғасырдың 20-жылдарында басталды. Мәліметтерге қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғысында кейбір арнайы әскери топтар қан тобына қарай құрылған. Жапондықтар әлі күнге дейін бейсболшыларды командаға осы қағида бойынша алады. Жұмыс берушілер қызметке алуда, маркетинг жөніндегі мамандар — өнімді ұсынуда осыған сүйенеді. Мысалы, Жапонияда әрбір қан тобына лайықтап шығарылған сусындарды кездестіруге болады. Тіпті телеарналардағы таңертеңгілік бағдарламалар «қай қан тобына жататындығын» сұраумен басталады.

Қан тобын анықтайтын құрылғыларды Жапонияда кез келген қоғамдық орындардан, вокзалдан, әмбебап дүкендерден, мейрамханалардан кездестіруге болады.

1971 жылы жапондық доктор Масахико Номи 25-жылдық тәжірибесін басшылыққа алып, адамның мінез-құлқын қанына қарап анықтауға болатыны туралы жазады. «Сіз мұндайсыз, қан тобыңыз қандай?» атты кітап 1,2 млн. данамен тараған.

Қан адамның аура деп аталатын қуаттық халін де қалыптастырады. Мысалы, халық көңілді адамдардың қанын жеңіл деп сипаттайды, ұстамсыз, тез қимылдайтындардың қаны ыстық дейді. Мінезі нашар, көре алмайтын адамдардыкін – ауыр қан, жалқау, ештеңеге қызықпайтын жандардыкін суық қан дейді.

Адамның денсаулық күйін де қанына қарап анықтап отырады. Сондай-ақ отбасын құруда да қан тобына мән беру керек деседі. Бұған қатысты мынадай ұғым бар:

  • Ең сәтті жұптық үйлесім 1-ші және 3-ші топтағыларға, 2-ші және 4-ші топтағылардың одағына тиесілі;
  • Ерлі-зайыптылардың екеуі де 1-ші немесе 3-ші топтан болса, бұл да жаман одақ емес;
  • Екеуі де 2-ші, 3-ші немесе 4-ші топтан болса, үйлесуі қиын;
  • 1-ші мен 4-ші, 2-ші мен 3-ші топтағылардың тіл табысуы тіпті де қиын.

Сол сияқты, мамандардың пікірінше, адамдарға кейбір дерттер де қан тобына қарай тән болып келеді екен. Олар былай дейді:

1-ші топтағылар жүрек, көкбауыр, қалқанша без, қан ауруларына (мұның ішінде гемофилия да бар), артритке, радикулитке бейім.

2-ші топтағыларда асқазан-ішек жолы, бауыр, өт жолы, жүрек-қан тамырлары жүйесі дерттері, жүйке жүйесі аурулары, анемия, ревматизм жиі кездеседі.

3-ші топтағылар көбіне суықтап ауырады, жарақат алып қала береді, оларға жүрек-қан тамырлары, вена тамырларының кеңеюі дерттері үйір. Буындары, белі ауырады, шаршағыштық, қаназдық мазалайды. Диабет, қызыл жегі, жаңғалақтық, иммундық қалыпсыздықтар да оларда жиі кездеседі.

4-ші топтағылар жыныстық және несеп жолы жұқпалары алдында әлсіз, бүйрек, несеп қабы, асқазан-ішек жолы, жүйке жүйесі ауруларына бейім. Қатерлі ісік те  осы топтағылардың арасынан көбірек кездеседі. Депрессияға, айкезбелікке, емші-көріпкелдікке бейім­дерде қаны 4-ші топқа жататындар.

Қан тобын зерттеушілер әрбір топқа байланысты мінездеме жасаған. Олардың ойынша, бірінші топтағы адамдар ымырашылдыққа қарсы, жігерлі, табанды, әзіл-сықаққа бейім, өмірдегі құбылыстарға көзін ашып қарайтын, айқындықты ұнататын болып келеді.

Екінші топтағылар сезімтал, сәл нәрседен көңілі қалғыш екен. Сырттай қарағанда ұстамды әрі байсалды болып көрінгенімен, жүйкесі жұқалау көрінеді. Өзіне-өзі талап қойғыш, өз іс-әрекеттерін мұқият бақылап отырады.
Үшінші топ – секемшіл, өзін қоршаған ортаға сезікпен қарайды. Дегенмен, ашуын ақылға жеңдіре алады. Сабасына тез түсіп, болған жәйтті тез есінен шығарады.

Төртінші топтағылар көздеген мақсатына жетуге жан-тәнін аямайды, басқа адамдармен тез тіл табыса алады.

Барлық әскери қызметтегілер,  дәрігерлер және де қауіп-қатерлі жерлерде жұмыс істейтін адамдардың құжаттарында, сырт киімінің кеуде тұсында қан топтары, резус-факторлары жазылып тұрады.