БАЛАҢЫЗДЫ ЕСТИСІЗ БЕ?

«Атаның баласы емес, адамның баласы болса» деп, перзентінің пайымын кеңейтіп, жан-дүниесін кемелдендіруге күш салған көреген бабаларымыздың тәліміне таңдай қағамыз. Бала тәрбиесі дейтін нәзік дүниеде үйретуші қажет-ақ. Аналардың сұранысын ескере келе Халықаралық деңгейдегі триз-педагог, Ана мен бала қарым-қатынасынан эксперт Самал Сәкенқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Барлық аналардың арманы баласының бақытты болғаны. «Ата-анасына дауысын естірте алған бала бақытты» дейді. Біз баламыздың дауысын ести алып жүрміз бе? Қалай біле аламыз?

 — Ата-анасы баласының даусын ести алғанда ғана нағыз гармония орын алады. Осы тұста «тыңдау» және «есту» екеуінің айырмашылығы бар екенін айта кеткен жөн. Бала қорыққанынан тыңдауы мүмкін, бірақ жүрекпен естімейді. Ата-ана да дәл солай. «Осы бала мені артық мазаламасыншы», «менен ары тұрсыншы», «не сұраса да иә дей салайын» деу – құр тыңдау. Бірақ, баланың шын қажеттілігін, жан дүниесін ести алмайды. Дәл осы кезде ана мен баланың арасында дисбаланс орнайды. Баланың даусын есту үшін ата-ана өзінің «сапалы уақытын» бөлгені дұрыс. Баламыздың жанында отырып телефон немесе теледидар қарағанның пайдасы аз. Ол кезде біз тек бөлмені бөлісіп отырмыз, уақытты емес. Баламен ойын ойнаған кезде, ойын үстінде бақылаған сәтте, яғни, «сапалы уақыт» бөлген кезде ғана біз баламызды естиміз. Даусы ата-анасына жетпей жатқан баланың эмоциясы қалай болады? 5 жасқа дейін жылап естіртеді, 11 жасқа дейін тұйықталып қалады да, кейінірек агрессия арқылы шығарады. Міне, сол кезде көп ата-ана ойлана бастайды. Ал, мұның басы балалық шақта жатыр.

 — Өзіне сенімді бала қайдан шығады?

— Ата-анасы сенген балаға бүкіл әлем қарсы тұрса да қорқынышты емес. Себебі, оған ата-анасы сенеді, өзіне өзі сенеді. Бұл сенім баланың алғаш дүниеге келген сәтінен басталады. Үлкен кісілердің «жыламайтын бала болмайды», «жыласа көкірегі ашылады», «көзі қара болады», «жылап-жылап қояды, тастай сал» деген сөздерін естіп қаламыз. Кейде жұмыстармен айналысып, жылап жатса да «қолға үйреніп қалады» деп қолымызға алмай жүріп қалатынымыз бар. Негізінде дәл сол кезде баланың әлемге сенімі оянатын шақ. Сондай кезде балада «Мені тастап кетті», «Мен жалғызбын» деген сезім болады. Осы кезден әлемге және өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Балаға ата-анасы – бүкіл әлемі. Солардың айтқаны дұрыс. Сондықтан ата-анасы құласа да, сындырса да, мектептегі сабақтан қателессе де барлық жағынан тек оң жағын көріп, демеп отырғанда нағыз өзіне сенімді бала шығады.

 — Баланы жаман орта, жағымсыз әдеттерден қалай сақтаймыз?

— Ең алдымен баланың жүрегіне иман нұрын ұялатудан бастаймыз. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ең алдымен, өзіміз отбасыда жаман әдеттерден сақтанайық. Баланы сөзбен тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ол – сіздің айнаңыз. Сізден көргенін қайталайды. Өзіміз рухани құндылықтарды жоғары ұстасақ, ондай отбасыда өскен бала да жаман ортаға, жаман әдетке бой алдырмайды. Жаман ортаға түсіп қалса да соларды жақсартсам, өзгертсем деген ниетпен жүреді.

 — Тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?

— Бала – ең алдымен, Алланың сізге берген аманаты, ешкімге ұқсамайтын қасиеттері бар тұлға. «Көршінің баласы жақсы оқиды», «Әпкең математикадан мықты, сен есеп шығара алмайсың» деген сияқты салыстырулар еш орынсыз. Әр баланың өзіне тән қасиеттері, қызығушылығы, өмірден алар орны бар жеке тұлға екенін естен шығармауымыз керек. Екіншіден, баланың ерекшеліктерін байқап, бағалап, қолдау білдіру керек. «Мен биші бола алмай қалдым, сен әнші бол», «Мен журналист болғым келген, сен енді соны оқы» деу қате. Мықты математик болатын баланы спортқа сүйресеңіз бар ресурсын жойып аласыз. Сондықтан, міндетті түрде баланың қызығушылығы ескерілгені жөн. Үшіншіден, әр жағдайда позитивті ракурс қалыптастыру. Мысалы, жұмыстан келдіңіз. Бастықтан ұрыс естігеніңізді, айлықтың кешігіп жатқанын әңгімеледіңіз. Жаныңызда өзімен-өзі отырған балаға мән бермедіңіз. Бірақ, осы кезде баланың ойында «бастық жаман, менің анама ұрысқан» деген қоршаған орта туралы жағымсыз түсінік қалыптасуда. Осыған сақ болған жөн. Төртіншіден, кез-келген істі балаға қызықтырып, ойын түрінде үйрету. Бала әр істі алғаш жасағанда қиналады. Үй жинағанда, жазу жазғанда «бұл нәрсе қиын екен» деп тауы шағылып, талабы қайтып қалмас үшін көңілді атмосфера қалыптастыру керек. Бесінші және ең негізгі принцип – шартсыз махаббат. Бар болғаны үшін жақсы көру. Бұл сезімді ана ең алғаш баласын босанып, құшағына алған сәтте басынан өткізеді. Бетіне сағаттап қарап отыруға бар. Жәй ғана бар болғаны үшін жақсы көреді. Қалай екі-үш жасқа толады, солай шарт қойыла бастайды. «мынаны жасамасаң бармайсың», «Айтқанымды тыңдамасаң, қасыма ертпеймін» деген сияқты түрлі шарттар арқылы «менің айтқанымды жасасаң ғана сені жақсы көремін» деген ойға жетелейді. Қандай жағдай болмасын шартсыз, шынайы жақсы көру баланы тек қана өсіреді.

 — Қыз бала мен ұл баланы тәрбиелеуде бұзылмай  сақталуы тиіс заңдылықтар деп нені атаған болар едіңіз?

—  Ұл балаға жауапкершілікті үйретіп, нақты ісі үшін мақтап, мотивация берсек. Қыз баланы жәй ғана әлемде бар болғаны үшін жақсы көру керек. Сонда тұрмысқа шыққан қыз «Мені жақсы көру үшін бір нәрсе жасауым керек» деп емес, «Мен жақсы көруге лайықпын» деп сезінеді. Бес жасқа дейін қыздың әкесіне еркелеп, баланың анасының қамқорлығын, махаббатын сезінгенін құптаймын. Бес жастан асқан соң балаға нағыз әкенің тәрбиесі, қызға ананың тәрбиесі берілсе, қызымыз қылықты, ұлымыз ұлықты болып өсер еді.

Сұрақтарымызға берген салмақты жауаптарыңыз үшін рақмет. Жас аналар үшін пайдалы, тұшымды сұхбат болды деген ойдамын.

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.