КЕЛІНІ ЖАҚСЫ ҮЙДІҢ…

Әрине, «керегесі алтын». Ырысы асып, бақыттан базары тасып, берекесі ұйып отырған үйдің келініне мың алғыс айтсақ жараспай ма?! Жәй ғана жымиып, үлкенін құрметтеп, кішісін еркелетіп, тірлігін тындырып жүрген келін бір қарағанда ғана елеусіз адам сияқты болып көрінгенімен, әсте, олай емес. Ол сол шаңырақты шаттыққа бөлеп отырған негізгі тұлға десек қателеспейміз. Келіні теріс мінез көрсетіп, қабағы түйіліп, сөзі сұйылып шыға келсе, ол үйде бір сәт те қалғыңыз келмейді.

Апаларымыз келіндерін «адалынан келсін» деп тілейді. Ол – әулетке тастай батып, судай сіңіп кетсін дегені. Төркін жаққа елеңдеп, ертелі-кеш сөз аңдыған арудан қандай ақылман аналықты, даналықты күтеміз?

Жас келіндердің арасында кейде «Маған ер азаматымның разылығы болса болды. Ата-енеммен бірге тұруға міндетті емеспін» деген теріс пікірлерді де естіп қалып жатамыз. Ақыры ер азаматыңның разылығын алу арқылы Алланы разы етуді қалайды екенсің, алтыным-ау, онда өзімшіл болма! Ер азаматыңның да ата-анасының разылығын алып, жәннатқа жолдама алуына жәрдемдес. Үлкенді сыйла, сен де сыйсыз қалмайсың! Өмір-бумеранг. Кез-келген жақсылығың да, жамандығың да қайта айналып соғады.

Осы тұста «Жақсы жерге келген келін-келін, жаман жерге келген келін – келсап» деген де бар. Сондықтан, келінім жақсы болсын деген енелер үшін бірнеше жәйтті ескерген жөн:

  1. Келінді босағаңызды аттаған күннен қабылдаңыз. «Мен талай сұлу қыздарды көрсетіп едім, сенен басқаны көзі көрмеді» деген сияқты сөздермен жанын жаралап алмаңыз. Балаңыз ұнатқан жанға сіз де оң қабағыңызбен қараңыз.
  2. Қазақта «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген сөз бар. Кейде келініңізге арнаған сөзіңізді қызыңызға айтсаңыз, есті келін бірден ұға қояды.
  3. Келініңіздің шыққан тегі, өскен ұясы, әке-шеше, бауырлары жайлы жағымсыз сөздер айтудан сақтаныңыз.
  4. Ақылды оңашада даналықпен айтыңыз. Келінді қысыммен, күшпен тәрбиелеймін, қалай да менің айтқаныммен жүреді деп асыра сілтемеңіз. Қайта айналайыныңызбен жақын тартсаңыз, өтеуі тек сый болмақ. Жақсы көрген адамының сенімінен шығып қалмайын деп сіздің ұйқыңыз, денсаулығыңыз, асыңыз бен көңіліңізге ол да ерекше қарайтын болады.

Алты келін түсіріп, ырысын еселеп отырған ақсақалдың ұлдарына «Балам, келінді сыйла, өйткені, ол сенің ер азаматыңның анасы. Азаматың жақсы болсын десең анасымен көркем мәміледе бол» дегенін естіп сүйсіндім. Ата абыройын, ірілігін сақтаса, апа мейіріммен үйретуден қашпаса, ол шаңырақтан шаттық үзілмес.

Қымбатты арулар, «енем мені өз қызындай көрмеді» деп нали көрмеңіз. Ене анадай болмайды, сондықтан қызындай құрметте, келіндей қызметіңді көрсет. Бір әулеттің ұйытқысы, түтінін түзу шығарушы, ұрпағын өрбітуші, берекесінің бұлағы, ырысының бастауы екеніңді ұмытпа.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ