«ҚҰРСАҚ ШАШУ» ДӘСТҮРІНІҢ ДЕРЕГІ

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі – «құрсақ шашу». Бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-ауылдастың құрметін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі.

Алғаш жаңа түскен келіннің жүкті екенін білген абысындары енесіне тұспалдап жеткізетін болған. Енесі бұл қуанышты хабарды көпшілікпен бөлісіп, кішігірім той-думан өткізудің қамына кіріседі. Бұл тойға тек әйелдер мен қыздар ғана қатысады. Ең алдымен ауылдағы ұлағатты, ақ жаулықты, беделді анаға керегеге ақ жаулық байлатқызды. Керегеге орамал таңылғаннан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл білетін. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушылар қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай балалары алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Өйткені, жүкті әйел кез келген дыбыстан, басқа бір тосын әрекеттерден тез шошынғыш келеді.

Ененің тағы бір міндеті – келінінің жерік асын табу. Ананың жерігін қандыру арқылы баланың денсаулығы мықты болуын қамтамасыз етеді. «Аяғы ауыр кезде жерігі қанбай қалса, баланың аузынан су ағып жүретін болады» дейтін. Тойға келген әйелдердің барлығы түрлі дәмдерді пісіріп әкеледі. Келін сол астардың арасынан көңілі тартқанын таңдап дәм татады. Көпті көрген аналар батасын беріп, замандас-құрбылары жүкті әйелдің күтімі жайлы ақыл-кеңестерін айтады.

Осы сәтте өзіне арнап той жасап, қуанышты бөлісіп жатқан ыстық ілтипатты көріп, тамаша сезімдерді бастан өткізеді. Ас ішуге тәбеті тартпай, көңілі құбылып жүрген кезінде батасын беріп, қолдау берген жандарға сый-құрметі артады. Барлығының назары келінге ауып, бәйек болса, сый-сияпаттарын ұсынып әңгімелессе, келіннің төбесі көкке жеткенмен тең болмай ма?

Бұл дәстүрдің ең бір тәлімді тұсы – ене мен келіннің арасына «алтын көпір» болатындығында. Ене мен келін бір-бірін жақсы көріп, сыйлап тұрған соң шаңырақтың да берекесі асып, ынтымақтары артады.

Құрсақ шашу – тәлім-тәрбиенің ерекше бір көрінісі. Жоғарыда айтқанымдай, бала іште жатып-ақ жақсы тәрбие ала бастайды. Жаңадан түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін біліп, еңсесі көтеріледі. Жолдасының жұртын өз жұртындай қабылдап, сол әулеттің шамшырағын өшірмес үшін барын салады. Бала қазақи дәстүрге жақын, ұлтын сүйетін азамат болып өседі. Отбасына деген мейірімі артады. Осындай баладан шаңырағын бақытты ететін ақылды адам шығатынына сенімдіміз.

Міне, қазақтың әр дәстүрінің астарында үлкен мән жатады. Бақытты, дені сау ұрпақ сүйгіміз келсе анасына жеткілікті көңіл бөлген жөн. Сан ғасырлардың сынынан өткен дәстүріміздің дерегі осындай, ендеше, жаңғыртуға бір кісідей атсалысайық.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ