АҚ МАҢДАЙЛЫМА АЙТАРЫМ

 

Құралай көз, ай қабақ, ақ маңдайлы аруым. Алдыңнан үмітің мол, жанарың жәудіреп жан баласынан жамандық күтпейсің. Десек те, өміріңнің қалай өрілері Төлегеніңді қалай таңдайтыныңа тікелей байланысты.

Тұрмыс құру – өте жауапты таңдау. Ол алып мұхитқа бірге сапарлайтын кеменің капитанын таңдағанмен тең. Ақжал толқындармен алысқан өмірде сізге сенімді серік бола ала ма? Сезім бәсеңдегенде сыйластық салтанат құра ма? Сұрақ көп.

Психолог Сандуғаш Бекмырзақызы «Көп жағдайда ерлі-зайыптылардың таңдауы өзінің ата-анасына ұқсайтын адамға түсіп жатады. Себебі, қыз бала әкесін алғаш ер адамның болмысы ретінде таниды. Әкесімен жақын қарым-қатынаста болып, еркелей алмаған қыз оны алақанына салып аялайтын адамның өзінен недостаток тауып тұрады. Тіпті, сіз үшін уайымдайтын, қыздарды сыйлай білетін, жақсы әке бола алатын жігіттің бір жері ұнамай қалады. Ондайда «жүрегім тартпайды» деген сылтауы дап-дайын. Шынында, сізге ұнамай тұрғаны – оның әкеңізге ұқсамайтындығы ғана. Сондықтан тұрмыс құрмай тұрып ата-ананы қабылдап, қыз бала өзімен жұмыс жасауы керек» дейді.

Байқағанымыздай, отбасында анасын сыйлаған ер жарының да көңілін жықпайды. Себебі, ол нәзік жандыларды сыйлауды бала күнінен көріп, көкейге түйіп өскен. Сондықтан, жігіттің анасын сыйлауы өте маңызды, жіті мән бер.

Жігіт неге қызығады, араласатын ортасы қандай, кімдерді тыңдап, үлгі тұтады, барлығына қырағы көзбен қарау керек. Ең дұрысы — ата-анамен ақылдасу. Өмірден көргені, көкейге түйгені көп жанашырларыңның бұл мәселеде ең жақсы көмекші боларына күмәнсізбін.

Жаратушының алдындағы жауапкершілікті сезініп, жарын аманатым деп қадірлейтін ізгі жарға жолықтыруды дұғада тіле. «Иә, Алла елшісі (с.а.у.) дұғаның тағдырды өзгертетінін айтқан. Сондықтан жайлы өмірді, жақсы жарды қалаған адам әуелі тағдырдың егесі Алладан сұрау керек.

Ал ең жақсы дұғалардың үлгісі — Құранда. Алла тағала Құранда мұсылмандарды сипаттай келе мынадай дұғаны мысал етеді: «Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» (Раббәнәә һәб ләнәә мин әзуәәджинәә уә зуррииәәтинәә қурратә әъиуниу уәджъәлнәә лилмуттәқиинәә имәәмәә) («Фұрқан» сүресі, 74-аят)

Бұл өмірдің бұлжымайтын алтын қағидасы бар. «Бақытты ата-ананың бақытты баласы болады. Әкесінің анасын еркелеткенін, анасының азаматын ардақтағанын көріп өскен ұл мен қыз өз отбасыларында сол өмір сүру формасын қайталайды. Баланың алғашқы және ең негізгі ұстазы – ата-анасы». Шаттыққа толған шаңырақ шат-шадыман балалықтың бастауы болады. Махаббат көріп, мейірімге қанып, еркелеп, жақсыларына еліктеп өскен ұл мен қыз дәл сол образдарды өскенде де қайталайды. Бұл — ұрпақтар сабақтастығы.

Атом молекулалардан құралатынындай Отан кішкене отбасылардан құралады. Отбасылардың берекесі артып, бірлігі нығайған сайын Отан гүлденеді, дамиды. Міне, сенің дұрыс та жауапты таңдауыңның қаншалықты маңызды екенін байқадың ба? Сенің таңдауыңның сыртында балаларыңның бақыты тұр, еліңнің ертеңі тұр. Себебі, дәл сенің отбасыңнан болашақта қаншама молекулалар бөлшектеніп шыққандай Қазақ елінің қаншама бақытты шаңырағы еншісін алып шығады.

Өміріңдегі ең үлкен таңдауда қателеспе, асығыстық жасама, сәттік сезімдерге бой алдырма!

Нұрила ШЫНӘДІЛ