АЛДЫНА МАҚСАТ ҚОЙЫП, ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ

Шымкенттік ұстаз Камилжан Исакжанов Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінде 19 жылдан бері математика пәнінен ұстаздық етеді. Ағылшын тілін жетік меңгерген білікті маман оқушыларға сабақты екі тілде өтеді.

Камилжан Ғафуржанұлының оқушылары математикадан халықаралық, республикалық пән олимпиадаларында тек жоғары орындарды иеленген.

–Ғылым мен білім күн сайын емес әр секундта дамып отыр. Көшке ілесу үшін тынымсыз ізденіспен бірге шет тілін де жетік білу қажет. Сондықтан алдыма мақсат қойып, өз бетімше ағылшын тілін үйрене бастадым. Шәкірттерім технологиясы озық елдерде білім алып, өз еліміздің дамуына үлес қосса екен деп армандадым. 2019 жылы шет тілін жетік меңгеріп, оқушыларға екі тілде сабақ өтуды бастадым, — дейді К.Исакжанов.

Ұстаздың 28 шәкірті ҰБТ сынағында ең жоғары балл жинап, еліміздегі ең беделді Назарбаев және өзге де жоғары оқу орындарының студенті болуына атсалысып жүр. ҰБТ қорытындысы бойынша математикалық сауаттылық пәнінің орташа балы – 17 балл, математика пәнінің орташасы 30 балл көрсеткішті көрсетті.

Сабақ барысында заманауи жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеген ұстаз еліміздегі өзге әріптестерімен оқыту ісіндегі тәжірибесін бөлісіп келеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі