АЛМАТЫДАН ШЫМКЕНТКЕ ЖОЛДАМАМЕН КЕЛГЕН ЖАС ДӘРІГЕР

Арайлым Аққасова қаладағы медициналық ұйымға жолдама арқылы жұмысқа орналасқан жас дәрігердің бірі. Жас маман онкология және радиология ұлттық зерттеу институтында «онкология» мамандығы бойынша резидентураны бітірген соң халыққа медициналық көмек көрсету үшін арнайы қаладағы онкологиялық орталыққа жіберілген.

Арайлым Серікқалиқызы онкологиялық орталықта онкогинеколог қызметін атқарады. Әйелдер арасындағы қатерлі ісік ауруының ерте сатысында анықтап, дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету дәрігердің негізгі міндеті.

Жас маман қысқа уақыт ішінде халықаралық американдық онкогинекологтар қоғамының мүшесі болып үлгерген. Біліктілігін жетілдіру үшін онкогинекологияның өзекті мәселелеріне арналған түрлі әлемдік деңгейдегі конференциялардан да тыс қалмайды.

«Қатерлі ісік ауруы бар әйелдерге көмектесу арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады. Дәрігер болған соң адамды емдеу, дерттен сауықтыру ең басты міндетім деп білемін. Ракқа шалдыққан әр науқастың көзінен мұңды байқаймын. Сондықтан науқастарды емдеуде жігерлендіру үшін барымды саламын» — дейді жас дәрігер.

Жас та болса өзінің алғырлығымен көзге түскен Арайлым қазір онкологиялық орталықта ішкі аудит қызметінің міндетін қоса атқарады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі