ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМІ

Қазақстан жері экологиялық туризмнен іскерлік туризмге дейінгі қызметтің барлық түрлерін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие қазыналы мекен. Көптеген археологиялық және тарихи ескерткіштері бар бай тарихы, бірегей географиялық жағдайы, алуан түрлі ландшафттары, мөлдір һәм таза табиғаттың қол тимеген тұстары талайды таң қалдырады.

Археология, тарих және сәулет ескерткіштерінің саны бойынша Қазақстанды нағыз «ашық аспан астындағы мұражай» десек болғандай. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалар, қола дәуіріндегі Тамғалы петроглифтері немесе Маңғыстаудың атақты қорымдарын айтсақ болады.

Экологиялық туризм

«Сарыарқаның саф ауасын» жұтып, қойнауына қазына бүккен кереметтерін көрген жанның бұл елге айналып соқпауы мүмкін емес. Қазақстан — экологиялық туризм әуесқойлары үшін таптырмас жер. Ел аумағында 12 ұлттық табиғи парк және 10 қорық бар. Табиғаттың ерекшелігіне, жер көлеміне қарай Қазақстанға ат басын тіреген туристер бір сапармен асқар таудың биігіне шығып, шөл мен құмды да кесіп, теңіз жағасында серуендеп, тамылжыған орманды даланың табиғатын  да тамашалай алады. Бұл да бір ерекше жағдай. Мысалмен айтар болсақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілген Орталық Қазақстанның далалары мен көлдері. Каспий теңізінің жағалауы — әлемдегі ең ірі жабық су қоймасы. Қазақстанның оңтүстік — батысындағы шөлдер, елдің солтүстігіндегі Бурабай көлінің айналасындағы ормандар және тағы басқа.

Экотуризмді сүйетіндер үшін Қазақстанның туристік компаниялары табиғи нысандарға барумен қатар, қазақ-көшпенділердің ежелгі тұрмысымен танысуды қамтитын мыңға жуық түрлі маршруттар әзірлеген.

Спорттық туризм

Қазақстан тау шаңғысы туризмі, альпинизм, су туризмі, ат туризмі, велотуризм және тағы көптеген бағыттар бойынша тамаша жағдайларды ұсынады. Мысалы, Шымбұлақ тау шаңғысы курортының трассалары әлемдегі ең үздіктердің бірі болып саналады.

Сауықтыру туризмі

Қазақстан — емдік-сауықтыру туризмі үшін тамаша орын. Мұндағы ерекшелік — емдік табиғи ресурстарды белсенді пайдалану: ыстық бұлақтар, емдік балшық, емдік климат. Қазақстанда қымыз терапиясы, минералды суларды пайдалану қолданылады. Сонымен қатар, заманауи жабдықтармен жабдықталған санаторийлер осындай емдеудің «табиғи базаларының» жанында орналасқан.

Іскерлік туризм

Іскерлік туризм жыл сайын Қазақстанның ірі қалаларына көбірек қонақтар тартады. Елімізге шетелдік бизнес-туристерді шақыра отырып, түрлі өңірлік және халықаралық конференциялар, саммиттер, симпозиумдар жиірек өткізіледі.

Байқағанымыздай, Қазақстан үшін туризм — экономикаға серпіліс беруші бірден-бір фактор болуға әбден лайық. Бұған туристік инфрақұрылымды дамыту, визалық режимді жеңілдету бойынша тұрақты жұмыс және басқа да факторлар жолға қойылса, ел дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА