ОТЫЗ КҮНДІ ӨНІМДІ ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРАТЫН «РАМАЗАН КҮНДЕЛІГІ»

Қасиетті рамазан айының әр күнін, әр сағатын мағынаға толтыру игі мұсылманның парызы. Бұл тек ішіп-жеуден тиылатын емес, теріс әрекеттерден алшақтайтын бірден-бір сәт.  «Рамазан күнделігінің» мақсаты да отыз күн оразаны өнімді өткізуге шақыру.

Белгілі журналист Марфуға Шапиянның авторлығымен жарық көрген бұл күнделікке деген сұраныс ерекше. Қазақтілді оқырмандарға арналған жоба қасиетті айға алдын ала дайындалуға нұсқаулық береді. Күнделік төрт бөліктен тұрады. Бірінші бөлім, айлардың сұлтаны басталмай тұрып қарыз оразаларыңызды өтеуге, үйіңізді, тәніңізді, жаныңызды тазартуға жәрдемдеседі. Тіпті Рамазан айының мәзірін құрып, тоңазытқышыңызды  пайдалы тағамдармен толтыруға да болады.

Екінші бөлім Рамазан айында істеуге болатын сауапты амалдарға арналған. Ол үшін 30 күн бойы күнделікті орындалуы тиіс құлшылықтар тізімі берілген.

Үшінші бөлімде – Рамазанның әр күніне арналған тамаша жоспар бар. Ауыз бекіту әдептерінен бастап, қай күні кімнің үйіне ауызашарға баратынын, кімді шақыратыныңа дейін жоспарлауға болады. Қасиетті айдың соңғы онкүндігіне ерекше көңіл бөлініп, Қадір түнін де қалай өткізуге болатыны туралы кеңестер берілген.

Төртінші бөлімде мұсылмандардың ұлық мерекесі – Ораза айтты қалай өткізу туралы кеңестер беріліп, оның бюджетіне дейін жоспарлауға көмектеседі.

«Мен жыл сайын ораза кезінде көмек ретінде түрлі «Рамазан күнделіктерін» пайдаланатын едім. Бірақ менің мақсаттарыма толық сай келетіні жоқтың қасы екен. Сол себепті өзіме ыңғайлы дүниені өзім жасап алуды ұйғарып, осы күнделікті шығарып отырмын» деп жазған автор алғысөзінде. Аталмыш күнделік автордың жеке парақшасында (marfu_shop) және бірқатар онлайн кітап дүкендерінде сатылымға түскен. Бағасы – 2500 теңге. Күнделіктегі ақпараттар islam.kz, muslim.kz, azan.kz, asyldin.kz, muftyat.kz сайттарынан іріктеліп алынған.

А.ҚАЛШАБЕКҚЫЗЫ.