ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ КӨШУ СУБСИДИЯСЫ 2 ЕСЕ ҰЛҒАЯДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың көшуіне берілетін субсидия мөлшері 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке артады. Бұл туралы Еңбек және халықтың әлеуметтік министрлігі ҚазАқпаратқа берген жауабында айтылған.
«Жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты айлық есептік көрсеткіш мөлшері көбейіп отырады. АЕК мөлшері өзгерген сайын субсидиялар мөлшері де өзгереді. Мәселен, бағдарламаның алғышқы жылында 2017 жылы тұрғын үй жалдау үшін ең минималды төлем сомасы 34 мың теңгені құраса, 2021 жылы 43,7 мың теңгеге дейін көбейген», — деп жазылған министрліктің жауабында.
Ведомство өкілдері Президент тапсырмасы бойынша қоныс аударушыларға көшуге берілетін субсидия мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейту үшін «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.
«Аталған өзгеріс күшіне енген соң көшуге біржолғы субсидия мөлшері 102,1 мың теңгеден 204,2 мың теңгеге дейін көбейеді», — деп жазылған жауапта.