ЖҮЙРІК ЖЫЛҚЫНЫ ҚАЛАЙ ТАНИДЫ?
Жылқы тек көшпелілер өмірінің ғана емес, бүкіл адамзат дәуірі өркендеуінің алғышарты болған аса қадірлі жануар. Тарихқа зер салсақ, жылқыны қолға баулығалы халқымыздың мәдениет, салт-дәстүр, зергерлік, жауынгерлік өнер, тұрмыс,шаруашылық, тіпті тағам түрлерінде де үлкен өзгерістер орын алған. Қазақ пен жылқының біте қайнасып кеткені соншалық, «тіпті ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жатқан қу сүйекке қарап-ақ сын-сипатын айтатын болған» деп жазылады «Қазақтың атбегілік өнері» кітабында. Мысалы, сонау бағзыда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар» – депті.
Бекен Қайратұлының авторлығымен жарық көрген аталмыш кітап жылқытанудың тұнған энциклопедиясы. Текті жануарға деген құштарлық қанымызда әлі күнге дейін тулап тұр десек те, оны кәсіби түрде толық зерттеушілер аз екенін мойындау керек. Жылқыны сүйетін, баптайтын әр қазақ біліп жүрсін деген ниетте кітаптан тұрақты түрде үзінділер салып отыруды жөн санадық.
Жүйрік жылқының сыртқы сипаты:
- Маңдайы кең, иегі сүйір, қабақ сүйегі үлкен және шығыңқы етсіз, жон арқасы жалпақ, қарны, көк еті және бұлшық еттері буылтық, омырауы салпы, төрт тұяғы дөңгелек үлкен болуы шарт.
- Жіліншегі ұзын сидам, тұмсығы үшкіл, сағалдырығы, тілі және құлағы басқа жылқыдан ұзынша келеді.
- Екі құлағының түбі етті, құйрығы мен шат сүйегінің тұтасқан жерлері жуантық және қабырғасының аражігі қалың болады.
- Мойын бітімі сопақша, екі құлақтың қалқанша ұшы жұқа, сан етінің төменгі жілікпен тұтасқан буыны және бақай сүйегі жіңішке келеді.
- Кәрі жілігі, жақ сүйектің шөп шайнайтын тұсы, сауыры, құйрығы басқа жылқыға қарағанда шолақ, қысқалау сипатқа ие.
- Танауының қос тесігі және көзінің үстіңгі оймасы үлкен, төрт тұяғы жалпақ, шабы алшақ (алшиған) болады.
- Маңдай төбесі, шоқтығы, ұша, сегізкөзі бір деңгейде келеді.
- Артқы тұяқтары алдыңғы тұяқтарынан үлкен болады.
- Құлағы жалынан биік шығып, артынан қарағанда ашық көрініп тұрады.
- Кекілі көз аясын жаппайтындай жұмсақ, жібек сияқты есіліп тұрады.
- Қарыны жұмыр, мінезі сергек, жайлы келеді.
- Төрт жіліншігі, жон арқасы, сағалдырығы, тұмсығы, тілі, құлағы ұзын болуы шарт. Яғни, жылқының осы аталған мүшелері ұзын болса, бұл жүйріктіктің белгісі.
- Құлағының түбі, бас бітімі, саны, құйрық түбі, шат сүйегі кең біткен және мойыны,алқымы, тұмсығы сүйір, қос құлақтың қыры мен ұшар ендігі жұқалтым жіңішке болады.
- Төрт тұяғы, қос таңауы, құлақ үңгісі, бұты, ауыздығы зор болып келеді және құйрық ұшы, қапталы, бақайы, тістеулігі қысқа, маңдайы, шоқтығы, сегізкөздің ұшасы биік болады.
- Төрт аяғы биік сидалы, буындары шор бунақты, желкелігі мен шоқтығы жалғасқан түйнек сіңірлі, аяқтарының арасы алшақ келеді.
- Сүбе қабырғасы мен мықынының арасы жақын, қабырғасының иіні доғал, арасы жиі, кеңсірігі кең, жалы ұзын, кеуденің ойынды еті үлкен, бұты алшы талтақ, көк еті қалың болады.
- Бақайы тік қысқалау, қылтасы түзу әрі ұзын жылқының аяқ алысы жеңіл келеді.
- Терісі жұқа, жүні тақыр, жұмсақ , айналым орайы көп жылқы еркін әрі жылдам қозғалатын болады.
- Бас пішіні ұзын сопақша, етсіз, маңдайы жалпақ, иек сүйегінің шұңқыры терең, астыңғы ерні жер тіреген, танауы сүйір, езуі қалың болады.
- Тісінің ойығы бүтін, қыры өткір, дара ат азуы сыртына шығыңқы болады.
- Құйрық сүйегі ұзын, құйрықтың түбі жуан, ұшы жіңішке және қылы сұйық келеді.
- Қыза шабатын жүйрік – қабылан денелі, ал, шыға салма жүйріктер төртбақ, алды-арты тең дөңгелек денелі болады.
- Денесі ұзын, алдыңғы аяқтары қысқа, артқы аяғы ұзын еңкіш болса, өрге шабатын жүйріктің белгісі.
- Алды биік, арты аласа болса еңісшіл жүйрік.
- Алды-арты тең төртбақ денелі жүйріктер жер таңдамайды.
(Жалғасы бар)