ШЫМКЕНТТЕ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында қазіргі таңда 21 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай әр қарт майдангерге жыл сайынғы бір реттік ақшалай төлемдер түріндегі әлеуметтік көмек – 360 АЕК яғни, 1 050 120 теңгеден берілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қаражат барлық соғыс ардагерлерінің есеп-шоттарына толығымен аударылған.

Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың шешімімен 3307 тыл ардагеріне 35 мың теңгеден астам бір реттік ақшалай төлем жүргізілуде. Тыл ардагерлеріне барлығы 115 млн 758 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген.

7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, атап айтқанда, Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар, Семей полигоны ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған, радиациялық апаттар мен авариялардан зардап шеккен азаматтарға 36 АЕК (105 012 теңге) көлемінде ақшалай көмек аударылады.