ГІР КӨТЕРУДЕН СОЗАҚТЫҚ СПОРТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Сары құрлық елдерінің таңдаулы балуандары қатысқан чемпионатта ересектер арасында гір көтеру спортынан 73 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Қобыланды Орынбасаров алтын медальді иеленді. Сонымен қатар Орынбасаров Азия чемпионатында «Ең үздік спортшы» номинация иегері атанып, үздік белбеу мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында гір көтеру спортынан ерлермен әйелдер және жастар арасында кезекті Азия чемпионаты өтті.
Жастар арасында күш сынасып, жарыста барлық қарсыластарын ұтқан үздіктер арасында еліміздің дарынды спортшысы, созақтық жас спортшы Ердос Рысбек 63 келі салмақ дәрежесінде жəне 95 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрлыбек Шекербек те бар. Дүбірлі жарыста 63 келі салмақ дәрежесінде күш-жігерін көрсеткен Нұрсұлтан Сабыр, 68 келі салмақ дәрежесіндегі Бақытжан Тұрғанбай күміс медаль алды. Сондай-ақ, осы додада қоссайыс бойынша талантты созақтық спортшы 95 келі салмақта сынға түскен Ерболат Ахмет күміс жүлдені иеленсе, əуесқойлар арасында ұзын циклді көтеруден өңірімізден барған Тұрсынбай Оралхан қола жүлдегер атанды.
Ал, жастар арасында ұзын циклді көтеруден бақтарын сынаған Ердос Рысбек пен Нұрлыбек Шекербек Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты.
Азия чемпионатында тағы да бір жерлесіміз Нұрсұлтан Сабыр күміс жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, әуесқойлар арасында ұзын циклді көтеруден Серік Жандос алтыннан алқа тақса, Оңалбай Алмас күміс медаль еншіледі. Қола медальді Баби Орынбасар мен Әбдінаби Асылжан қанжығаға байлады. Жеңімпаз саңлақтарды спорт өнеріне баулып келе жатқан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі спортшы ізденімпаз жаттықтырушы Мұрат Серікбаев пен Бақтан Тұрсынбаевтың еңбектерін айта кеткеніміз жөн.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі