ШЫМКЕНТТЕ 367 КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДА «ASHYQ» ҚОСЫМШАСЫ ЕНГІЗІЛДІ
Пандемия кезінде жұмысын шектеуге мәжбүр орындардың толық жабылуының алдын алатын, әрі шектеуді ішінара алып тастауға балама ретінде 17 қаңтардан бастап елімізде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды.
Ашық қосымшасының басты пайдасы – қауіпсіздік. Қазір кез келген ауру белгілері бар не белгілері жоқ формада COVID-19 індетімен ауырғандар үй карантинін сақтауға міндеттелген. Алайда өзін-өзі оқшалау режимін сақтамай, ауырған, науқас адаммен байланыста болған адамдар қоғамдық орындарға бару жайттары орын алып отыр. Солай вирустың таралуына себепші болады. Ал «Ашық» қосымшасы осындай келушілерді анықтайды. Әрі басқа келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Бүгінде QR-кодтарды қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең тараған.
«Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану мен Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің вирус жұқтырғаны не жұқтырмағанын анықтауға болады.
Пилотқа қатысу ерікті жүргізіледі. Шымкент қаласында да жобаға қатысуға ниеттілер көп. Бүгінгі таңда қаладағы кәсіпкерлерден жобаға қатысуға барлығы 848 өтінім түскен, оның ішінде 367-не QR код берілді. 192 нысан әкімдік сайтына орналастырылды. Олардың қатарында бірнеше фитнес-клуб, кинотеатр, спа-орталық, сауна мен басқа да нысандар бар.
Қосымшаны қолдану: нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ін енгізуі керек. Кіруді тіркеу үшін нысанның QR-кодын сканерлейді.
Егер адам коронавирустың ПТР сынағынан өтіп, оң нәтиже алса, «қызыл» мәртебе беріледі. Мұндай мәртебе иелеріне үйде оқшаулану режимін қатаң сақтау бұйырылады.
«Сары» белгі байланысқа түсетін адамдарға тағайындалады. Оларға азық-түлік алуға немесе үй жанындағы дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Бірақ басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.
«Көк» түс – ПТР тест талап етілмейтін жерлерде еркін қозғалады.
«Жасыл»түс – қозғалыс еркіндігінің белгісі.
«Ашық» жобасына қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш береді. Қосымша сұрақтар бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе «Атамекен» ҰКП 1432 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап қосымшада адамның вакцина қабылдаған-қабылдамағаны да көрінетін болады. Сондықтан өзіңіздің және қоғамның денсаулығы үшін екпе салдыруға шақырамыз. Қалыпты өмір салтын бірге қалыптастырайық!
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі