КЕНТАУДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢАРТЫЛУДА
Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, жертөлелері мен ішкі және сыртқы беттері қалыпта келтіріледі. Модернизация мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асуда. Үйлердің алдына орындықтар орнатылып, LED жарықтандыру көздері орнатылып жатыр.
Кентау қаласы бойынша 368 көпқабатты тұрғын үй (қалада – 334, ауылдарда – 34) бар. Жалпы, 2017-2020 жылдар аралығында Кентау қаласының 205 көпқабатты тұрғын үй бағдарлама аясында жөндеуден өтті. Жөндеуді қажет ететін қалған 119 үй жыл соңына дейін толық жаңартылады. Осыған дейін көпқабатты үйлердің аумағы толықтай жарықтандырылды.
Сонымен қатар, Кентау әкімі Даурен Махажановтың тапсырмасына сәйкес, әрбір аулаға балаларға арналған жаңа заманауи ойын алаңшалары орнатылуда. Тұрғындардың санына қарай, аулаларға автобекеттер жасалып, ішкі жолдарға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, 100-ге жуық балалар алаңқайы ашылып, аулалар абаттандырылады. Құрылыс жұмыстары кезінде сол аймақтың тұрғындарының ұсыныс-пікірлері ескеріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі