ЖАҢА ҚАУЛЫ: ШЫМКЕНТТЕ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ҰЗАРТЫЛДЫ
Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес мегаполис аумағында коронавирустың таралуына байланысты енгізілген шектеу шаралары ұзартылады.
— Шымкент қаласында карантин режимін және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылдың 21 мамырынан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын, — делінген құжатта.
Қала тұрғындары мен қонақтарына адам көп жиналатын кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. 65-тен асқан адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Көшеде және қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтық пен маска режимін сақтау керек.
Құжаттың толық мәтінін мына жерден (GOV.KZ (www.gov.kz) оқуға болады.
Айта кетейік, 17 мамырдағы жағдай бойынша, «қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тұр. «Сары» аймақта Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстары орналасқан. «Жасыл» аймаққа Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары енді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы