ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ИППОДРОМНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Шымкент қаласында жаңа атшабар кешенінің құрылысы басталды. Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған ынталы топ және БАҚ өкілдері жаңа ипподромның орны мен жобасымен танысып қайтты.
Қаланың бас жоспарына сай, заманауи атшабар кешені Бозарық тұрғын алабында бой көтеретін болады. Оның алаңы 39 гектарды құрайды. Жаңа нысанда – жабыны бар жасанды жүгіру жолы, жаттығу алаңы, ат спорты бойынша жарыстар өткізуге арналған алаң, жабық мінбер, атқоралар, ветеринариялық-профилактикалық бекет, сондай-ақ құрама жемге арналған қоймалар мен сыйымдылығы 310 көлікті құрайтын автотұрақ салу жоспарланған.
Атшабар құрылысы биылғы жылы басталып, 2022 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарлануда. Бұл жобаны BI Group компаниясы уәде еткендей өз қаржысы есебінен, әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстарына 10 шақты жергілікті компаниялардан 200-ге жуық адам тартылатын болады.
Қоғамдық кеңес төрағасы Н.Бұхарбаев жаңа ипподромның құрылысының сапасын бақылау мақсатында белсенді топ арасынан арнайы комиссия құруды ұсынды. Яғни, комиссия мүшелері атшабар құрылысына қатысты өз талаптары мен ұсыныстарын жеткізе алады. Бұл ұсынысты жобаны жүзеге асыратын BI Group компаниясы қолдады.
Айта кетейік, Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан қазіргі ипподром жаңа орынға көшірілмек.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі