ШЫМКЕНТТЕ «ХӘКІМ АБАЙ ҺӘМ ИХСАН ІЛІМІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аталған оқу ордасы мен ҚМДБ Шымкент қалалық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Хәкім Абай һәм Ихсан ілімі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияны ашқан М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің бірінші проректоры Қайрат Еңбекшіұлы жиынға қатысушыларды жылы қабылдап, ректор Дария Пернешқызының құттықтауын жеткізді. Шараға арнайы шақырылған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти «Ихсан ілімі – тәрбие бастауы» тақырыбында баяндама жасап, Ихсан ілімін кеңінен дәріптеді.
«Әрбір игі істі шынайы ықыласпен, риясыз істеудің ақыретте адам баласына пайдасы зор. Осы тұрғыдан алғанда Ихсан ілімін құлшылық пен жақсылықты риясыз, шынайылықпен жасауды деп білеміз. Шынайылылық, шыншылдық –біртұтас мағынаны білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше аятында шыншылдардан болуды бұйырады. Қайда болсаң да, мейлі жалғыз қалсаң да, Аллаға шынайы ықыласпен құлшылық етуің Ихсан болып саналады.
Адамдардың көбі ғибрат пен рияны шатастырады. Имамдардың ізгі амалдарын рия деп емес, өзгелерге ғибрат деп қарау керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке байланысты», – деген. Адам баласының рухани несібесі болады. Ол – Алланы тануымыз. Жаратқанға деген ықыласымыз. Хәкім Абай:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сəулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, – дейді. Жүректегі қызғаныш, мақтаншақтық, тəкаппарлық дертінің емі – Ихсан ілімі», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ жиында абайтанушы, ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов Абайды тану, Ихсан ілімі жайлы өз ой-пікірін ортаға салды.
«Бүгінде Абайға дейінгі болмыс өзгерді. Мұны болыстық жүйе өзгертті. Сөйтіп мінезіміз де өзгерді. Абай бұрынғы тәрбиені сақтап қалғысы келді. Оны барынша сақтауға тырысты. Ол өзінің әрбір сөзінде ізгілік, адамдықты насихаттады. Мұхтар Әуезов Абай мұрасын, оның «Толық адам» концепциясын насихаттай алмады. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» дегені үшін көп сынға ұшырады. Абайды зерттеу үшін ғылыми жүйе керек», — деді Мекемтас Мырзахметов.
Басқосуда университет ұстаздары Қайрат Сапарханұлы, доцент Ақжол Қалшабек, жас ғалым Әзімхан Исабек қатысып, Хәкім Абай мен Ихсан ілімі жайында баяндама ұсынды және оның «Кітаб тасдих» кітабы таныстырылды.
Конференцияға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Шымкент қаласының бас имамы Бағдаулет Әбдрахманов және онлайн жүйеде түрлі сала мамандары қатысты.
Алқалы басқосуда филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек өз пікірін білдірді.
«Абайды тану һәм айту үшін ең әуелі Әуезовтан бастау керек. Өйткені Абайдың негізін қалаған, жолға қойған Мұхтар Әуезов. Абайды зерттеген ғалымдар көп, бірақ өмірін арнаған 3 адам бар. Олар: Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедхан, Мекемтас Мырзахметұлы. Абайды білгісі келетін барша адам өмірін арнаған осы үш ғалымнан аттап өте алмайды. Ал Абайдың қарасөздерінде, шығармаларында Аллаға да, «Құран-Кәрімге»-де бар болмысы, жан-тәнімен сенген екендігін көре аламыз», — деді ғалым.
Конференция барысында шараға қатысушылар университет қабырғасындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысып, Абай, Әуезов туралы мағлұматтар алды.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: Самат Мырзалиев