ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТАУЛЫ АЙМАҚТАРДА ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалуына байланысты соңғы мәліметтер баяндалды. Тауда жоғалып кеткен туристер тобын іздестіру жұмыстары жалғасуда. Құтқару жұмыстары күндіз-түні жүргізіліп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтың мәлімдеуінше, іздестіру шараларына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметерлері, альпенистер, жалпы 100-ден астам адам қатысуда.
«Сондай-ақ 2 тікұшақ, 4 пилотсыз әуе құралдары, 15 техника, құтқарушылардың 2 кинологиялық қызметі, психологтар, жедел-жәрдем қызметі жұмылдырылған. Алматы қаласынан көмекке келген азаматтар пилотсыз әуеден ұшу құралдарының көмегін ұсынып, түнгі уақыта іздестіру жұмыстары жүргізілді. 30 мамыр күні Қазақстан және Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрліктерінің екі жақты келісімі бойынша Өзбекстан Республикасының құтқарушылары өз аумақтарында Өгем өзені бойында іздестіру жұмыстарын бастады», – деді ТЖД бастығы.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу және алдағы уақытта болдырмау мақсатында жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді. Таулы аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді жүктеді.
Отырыста жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі ортаға салынды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жасөспірімдердің сауықтыру демалысын тиісті деңгейде ұйымдастыру қолға алынған. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшылығының мәліметінше, биылғы жаз мезгілінде қала сыртында 24 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарлануда. Онда жүріп жатқан жөндеу-құрылыс жұмыстарына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралған. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 10 мыңға жуық балаларына жергілікті бюджет есебінен тегін жолдама беру көзделген. Оқушыларды қабылдау 1-15 маусым аралығында басталады. Облыста 1-10-сынып оқушыларының жалпы саны 480 мыңға жуық.
Сонымен қатар, жаз айларында балалар үшін түрлі үйірме жұмыстары, көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, экскурсия, саяхатқа апару жұмысы жалғасын табады. Жасөспірімдерге судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде дайындалған жадынама парақшалары таратылып, мектеп жасындағы балаларға және ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі