ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА АУДАНЫНДА 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шардара ауданында 40 отбасы баспаналы болды. Қоныс иелеріне мемлекет тарапынан қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған 4 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй кешенінің жаңа пәтер кілттерін табысталды. Жаңа баспанаға аз қамтылған және көпбалалы отбасылар және үй кезегінде тұрған мұқтаж жанұялар қоныстанды.
«Ауданда атқарылып жатқан барша жұмыстар мен игі бастамалар, жалпы ауданымыздың тұрғындары үшін жасалып келеді. Барлығымыз да елімізді гүлдендіру үшін әрқашан бірлікте, ынтымақта игі істер атқарып, жарқын болашақ үшін еңбек ете берейік! Осындай қуанышты сәтте пәтер иелеріне үйлеріңізде әрқашан да жылылық пен қуаныш болсын деген тілек білдіремін. Қоныс құтты болсын!», – деді баспана иелерінің қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай.
Биыл Шардара қаласында бірқатар нысандар пайдалануға берілуде. Мұнай база, №14 Бекет шағын аудандары мен Ақберді ауылына таза ауызсу жүйелері тартылды. Аудандағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары аяқталып, бірнеше ауыл табиғи газ көзіне қосылды. Одан бөлек, Шардара қаласына газ құбырлары тартылуда.
Шардара қаласында жалпы 74 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер саны – 1394. Онда 6 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бұл қала халқының 16%-ын құрайды. Шаһарда соңғы 4 жылда 14 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі