ШЫМКЕНТТЕ ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ СУРДОАУДАРМАСЫ БАР ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КУРСЫ АШЫЛДЫ

Цифрлық сауаттылық — цифрлық технологияларды және интернет ресурстарын қауіпсіз әрі тиімді пайдалану үшін өте қажетті білім. Әсіресе онлайн төлемдер, электрондық қызметтер заманауи адамның қарапайым өмірінің бір бөлшегіне айналған.

Осыған орай Шымкентте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 12 мың қала тұрғыны базалық цифрлық дағдыларды оқыту курсынан өтетін болады. Оқу наурыз айынан бастап қазан айының соңына дейін жалғасады.

Оқудың негізгі мақсаты — тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық заманда электрондық қызметтерді үйден шықпай-ақ, өз бетінше алуға көмектесу.

Оқу бес негізгі 5 бағытты қамтиды: «Электрондық қызметтер»; «E-Commerce»; «Базалық дағдылар»; «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері»; «Ашық үкімет» порталы.

Пандемия кезінде азаматтарды қашықтықтын оқыту үшін https://shymkent-online.kz/digital сайты құрылып, бүгінгі таңда 8 412 тұрғын оқуға қатысты. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтағы, жұмыссыз жүрген азаматтар, зейнеткер жасына дейінгі және мүмкіндігі шектеулі тұлғалар да бар.

Сонымен қатар, осы курстың ішінде Қазақстанда алғаш рет сурдоаудармасы бар білім беретін қосымшасы іске қосылып, қазіргі таңда қазақ, орыс тілдері бойынша оқыту курстары жүргізілуде. Аталған оқуды аяқтағаннан кейін әрбір білім алушылар арнайы сертификат беріледі.

Курсқа тіркелу https://shymkent-online.kz/digital сайты арқылы жүзеге асырылады. Платформа ашық болғандықтан, тұрғындар кез келген уақытта оқи алады. Оқу — тегін. Курстың барлық бөлімін аяқтаған соң онлайн түрде сайт арқылы сертификатты жүктеуге мүмкіндік бар.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі