ШЫМКЕНТКЕ БІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕР ТОБЫ КЕЛДІ
Шымкент қаласындағы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына еліміздің білікті дәрігерлер тобы келді. Жоғары дәрежелі нейрохирург, травмотолог, ортопед дәрігерлері аталмыш орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеруде. Нәтижесі бойынша мамандар алдағы уақытта мүгедектігі бар балаларға ауру түріне қарай ота жасап, емдік шараларын көрсетеді. Айтуларынша, отаны мүмкіндігінше жергілікті медициналық ұйымдардың базасында жасайтын болады. Дәрігерлер сондай-ақ орталық мамандарымен тәжірибе алмасып, кеңестерін берді.
№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінгі таңда стационарлық үлгіде 137 және жартылай стационарлық үлгіде 95 адамға қызмет көрсетілуде. Медициналық қызмет көрсетуден бөлек, жеке күтім және бақылауды қажет ететін 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға үй жағдайына жақын мүмкіндік жасалған. Емдік массаж, физиоемдеу, монтессори кабинеті мен түрлі дәрігерлік көмектер көрсетіледі. Күнделікті балалардың денсаулығы тексеріліп, емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі.
-Қолымыздан келгенше балаларға медициналық көмектен бөлек, қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз. Мұғалім-дефектологтар, логопед маманы, еңбек пәні мұғалімі балалардың ауруын ескере оқу-тәрбие сабақтарын жүргізеді. Олардың танымдық қабілетін дамытып, тіл кемістіктерін қалпына келтіруге күш саламыз -дейді, орталықтың директоры Камилла Ауанасова.
Айта кетейік ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында ақ халатты дәрігерлердің Шымкентке жұмыс сапарына «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоры ұйытқы болып отыр. Игі шара басқа өңірлерде де жалғасын таппақ.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі