Елбасы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Елбасының құттықтауы:

Құрметті отандастар!

Бүгін біз баршамызға ортақ мереке – Алғыс айту күнін атап өтіп отырмыз.

Осынау айтулы күні қиын-қыстау сынақ жылдарында адамгершілік пен имандылық үстемдігінің жадымызда болуы  Қазақстан халқын біріктіреді.

Мейірімділік, өзара көмек және бір-біріне деген құрмет қазақтың киелі топырағында күллі қазақстандықтар көздің қарашығындай сақтайтын әрі мақтан тұтатын достық пен өзара түсінушіліктің бірегей атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Өз отандастарымызға және туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс сезімі бұл мерекеге ерекше терең мағына береді.

Сондықтан Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту болып табылады.

Бүкіл қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге бақ-береке, бейбіт өмір және табыс тілеймін!

http://www.qamshy.kz