КӨГАЛДАНДЫРУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экологияны жақсарту мәселелері талқыланды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірлердегі экологиялық мәселелерді жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады.
Жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге, көгалдандыруға, «тарихи» ластануларды жоюға бағытталған Жол карталарын әзірлеп, бекітті.
Елімізде қоқыс өңдейтін зауыт салу үшін 6 қала анықталды. «Nur Otan» партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд ағаш отырғызу, 6 қоқыс өңдеу зауытын салу жобаларын іске асыруды бастау және т. б. мәселелер бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды.
ҚР Премьер-Министрі экологияны жақсарту бағытында өңір әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жергілікті атқарушы органдар қоқыс полигондарын санитарлық және экологиялық талапқа сай келтіруді және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, автопаркті жаңарту бойынша кешенді шараларды одан әрі іске асыру, кәріз-тазарту құрылыстарын санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы өңір әкімдеріне ағаш отырғызу жоспарларының орындалуын, орман шаруашылықтарының жай-күйін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында өңірлердің әкімдіктеріне кәсіпорындармен бірлесіп, биылғы 1 қыркүйекке дейін Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жол карталарын бекіту тапсырылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі