ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ІІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы әкімдігінде «Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылықтың тұғыры» тақырыбында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясы өтті. Қала әкімі, қалалық ассамблея төрағасы М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Елбасы айтқан тапсырмаларды қала аумағында іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашып жүргізген қала басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне еліміз толымды табыстармен табан тірегенін атап өтті. Сонымен бірге Елбасы төрағалығымен өткен соңғы сессияда Ассамблеяның алдағы жұмыс стратегиясы ретінде айқындалған бес қағидат бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Қала басшысы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері осы қағидаттар шеңберінде алдағы жұмыс бағыттарын айқындап, ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға өзіндік үлестерін қосатынына сенімді екенін жеткізді.

Сессия жұмысы барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан «Тәуелсіздік табыстары. Береке басы – бірлік» тақырыбында баяндама жасаса, Абай оқуларының үздігі қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Пак Тимур және тағы басқа бірнеше азамат сөз сөйледі.

«Мен кезінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған корейлердің төртінші ұрпағымын. Өз басым болашағымды Қазақстанмен байланыстырып, белін бекем буған жас буынның өкілімін. Шардарада туылып, Жетісайда жетілдім, Шымкентте шыңдалдым. Ауылда өскеннен болар қазақ тілін жетік меңгердім, қазақи тәрбие алдым. Тіл білгенім, қазақтың көркем әдебиетіне оның ішінде Абай шығармаларына деген қызығушылығым мені бірталай белеске шығарды. Өміріме мән беріп, қайта қарауға ықпал етті»,-деді Пак Тимур.

Сессия жұмысының қорытындысымен оған қатысушылардың қала тұрғындарына арнаған Үндеуі қабылданды.

Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарса, оларда барлығы 14 ақсақалдар алқасы, 12 аналар мен іскер әйелдер бірлестіктері, 9 жастар қанаттары, 8 жексенбілік мектептер ашылған. Қалалық ассамблеяның қоғамдық құрылымдары санатында Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, Ғылыми-сарапшылық топ, Медиация кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, Жастар қозғалысы табысты қызмет атқарып келеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі