ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы жаңа «Эко-Базар» әмбебап сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Онда Ордабасы, Отырар, Сайрам, Шардара, Келес, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Төлеби, Қазығұрт, Түлкібас, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Кентау және Арыс қалаларының 30-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 20 тоннаға жуық өз өнімдерін ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары отандық өнімді базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатып алды.
Мәселен, қымыздың литрі — 704 теңгеден, баялдыр — 90 теңге, сәбіз — 225 теңге, картоп — 180 теңге, қауынның келесі — 100 теңге, әңкелек — 250 теңге (данасы), қарбыз — 300-450 теңге (данасы) аскөк — 135 теңге, қияр — 180 теңге, алма — 360 теңге, қой еті — 2047 теңге, жылқы еті — 2160 теңге, болгар бұрышы — 180 теңге, сиыр еті — 1955 теңге, қызылша — 189 теңге, қызанақ — 162 теңге, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан — 80 теңгеден саудаланды.
Алдағы уақытта облыс орталығында әр сенбі күні жәрмеңке өткізіледі деп жоспарлануда.Қала тұрғындарына «Эко-Базар» әмбебап сауда базарына №1, 14, 15, 18 және 30 қоғамдық көліктері қатынайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі