ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН МАҢҒЫСТАУҒА 1000 ТОННАҒА ЖУЫҚ ЖЕМ-ШӨП ЖӨНЕЛТІЛДІ
Ағымдағы жылы құрғақшылық тек батыс өңірлерде ғана емес, Түркістан облысында да орын алды. Атап айтқанда, Келес және Сарыағаш аудандарының шаруалары осы мәселеге тап болды. Дегенмен, бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Бірқатар аудандар қажетті жем-жөп мөлшерін 100% жинап үлгерді.
Түркістан облысының тұрғындары мен еріктілері облыс әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысының шаруаларына көмек көрсетті.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алғашқы күндерден бастап батыс өңірлерге жем-шөпті жөнелтудің тегін логистикасы мәселелерін бақылауда ұстап келеді. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен Маңғыстау облысына 23 вагон шөп жөнелтілген болатын.
Бұдан бөлек, бүгін Сарыағаш қаласының теміржол станциясынан тағы 10 вагон мал азығы жөнелтілді. Қазіргі уақытта жергілікті еріктілер мен аграршылар Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен Маңғыстау және басқа да облыстарға қосымша 40 вагон жем-шөп жіберу жұмыстарын жүргізуде. Келісімдерге сәйкес мал азығын жеткізу жұмыстары тегін жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қажет болған жағдайда дайындалған жем-шөпті тасымалдау үшін 100 вагон ұсынуға дайын.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыстың агроқұрылымдарына орман қоры жерінен жайылымдар мен шабындықтар берілді. Ағымдағы жылдың 6 айында 545 агроқұрылымға — 563 мың га жайылым, 23 агроқұрылымға — 1,5 мың га шабындық берілді.
Түркістан облысы Арыс қаласының әкімшілігі еліміздің батыс өңірлеріне шөп жөнелтуге қарсы тұрғаны туралы әлеуметтік желілерде таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстандықтардан ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз және жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі