КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА ЦЕХ АШТЫ

Президентіміз Қ.К. Тоқаев биылғы жылға арнаған Жолдауында тұрғындарды жұмыспен қамту, жеке ісін ашуға мемлекеттік бағдарламалар негізінде қолдау білдіру қажеттігіне баса көңіл бөлуді тапсырған. Өз кәсібін ашуға және кеңейтуге жергілікті әкімдіктерге көмектесуді, сөйтіп шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүктеген болатын.

Шымкент қаласының әкімдігі Мемлекеттің халықты жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықты жоюға бағытталған бағдарламаларының негізінде қала тұрғындарын, әсіресе, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуды жан-жақты қолға алған. Шымқалалықтардың өз кәсібін ашуына жәрдемдесіп сол арқылы бизнеспен айналысуына мүмкіндік жасауға мән беруде.

Қаладағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау, жұмыспен қамту және жастар саясатының арқасында қала тұрғыны Жасмин Абдраимова мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, берілген 500 мың теңгеден астам қаражатқа кондитер цехын ашты. Ол өткен жылы Шымкент қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіптік оқытуға жолдама алған.

Кәсіптік сертификатын алып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Кондитер өнімдері» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан болатын. Нәтижесінде 200 АЕК(555 650) көлеміндегі грантқа қол жеткізіп, қаражатқа цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде  бәліш, төрт түрлі кондитерлік тәтті тағамдарға тапсырыс қабылдап, отбасылық кішігірім ісін дөңгелетіп отыр.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екі бағыты аясында 2020 жылы 4828 адам грантқа қол жеткізсе, биылғы жылы 600 адамға грант берілді. Ал, «Бизнес бастау» курсына биылдың өзінде 1900 адам жолданған.

Аманғали ӘБУОВ.