АСТАРЛАП АЙТУ – АҚЫЛДЫҢ ІСІ НЕМЕСЕ КӨШБАСШЫ КӨРІП ТҰРҒАН КӨКЖИЕК
Әлемдік саясатта Назарбаев – салмағы басым саясаткерлер санатында. Анықтауышқа арқа сүйемейтін анық көшбасшылар болған тарихта, Елбасы – солардың қатарынан.
Қайсыбір үздік саясаткерді алсаңыз да – көзге бірден ұрар артықшылыгы шешендігі болып саналады. Тарпаң тарихтағы тарландардың бәрі де білегіндегі күшімен, жүрегіндегі сұсымен емес, тілдің мүмкіндігін мүлтіксіз қолдана білгендігімен межелі биігін бағындыра алады! Н.Ә.Назарбаев — «Көсем — қиында, шешен – жиында» деген ұлттың ұланы ол. Билікке келген сәтінен қалың елі қазағын өзінің шешендік мәнерімен, орынды уәж бен қисынды қалжыңды орайластыра дестелеп тастауымен, байыпты байсалды ойын бас шайқамай-ақ баяндай білуіменен баурап-ақ алғаны шындық-тын.
Қазақ зерттеушілері шешендік сөздердің сөз өнерін қуған жас талап ақын-жазушыларға, тілші-әдебиетші ғалымдарға, көркемөнер қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар халықпен жиі араласып, ауызекі сөйлесіп тұратын насихаттаушыларға да, әсіресе мемлекет қайраткерлеріне де аса қажеттілігін баса айтады. Создің құдіретті күшке ие екені даусыз. Сөздің өзіндік бояуы, дәмі, нәрі, адам сезіміне әсер етерлік «қоңыр» иісі бар екендігін, ал оның күші дауыс ырғағы арқылы берілетіндігін танытуы. Демек, дауыс үнділігі – сөйлеушінің сан қырлы қалтарысты иірімдерін танытатын басты құрал да. Шаршы топ алдында қарсыласынан сескенгендер ол құралды орынды қолдана алмайды, дірілдеп, сенімсіз жарқыншақталып шыққан дауысыңнан-ақ сенің кім екенің де танылмақ.
Шешендік өнерінің ой еркіндігі, сөз еркіндігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсіру, тұспалдап сөйлеу, басқаша айта отырып, нені нысаналап отырғанын жасыра айту, жұмбақтап айту, яғни терең зейінділік пен ойлылыққа төселу – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың туа біткен қасиеті. Соның ішінде «Астарлап сөйлеу» – халқымыздың сөйлеу мәнері екендігін, бұл тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдететін құбылыс екендігін аңғартуында. Назарбаевтың астарлап сөйлеудің қыр-сырын терең меңгерген және қазіргі заманғы саясат ықпалына сай бедерлеп бере білетін көшбасшы екендігі даусыз. Халық айтады: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деп. Ғұламалар былай түйіндейді: «Ақын туа қалыптасады, шешен жүре қалыптасады». Дегенмен де көп көргеннің бәрі – көсем, көп сөйлегеннің бәрі шешен болып қалыптаса алмайды. Түбірінде термен келер тәжірибе жатыр. Шешендіктің өнер делінуінде шарттылық басым . Шындығында , шешендікке әрбір сауатты адам меңгере алатындай машықтық іс-әрекет жиынтығы тән.
Астарлап сөйлеудің озық үлгісін танытқан әлемдік тұлғалар Шарль де Голль, Ататүрік, Черчилль сынды саңлақтар болатын. Тумысынан шешен Черчилльдің өзі өздігінен осы шешендік өнерін жетік меңгеруі үшін сағаттап сөйлеп машықтанатын болған. Ганди алғаш шаршы топқа шыққандағы өзінің сөйлеу мәнері мен шешендігінің тым төмен болғанын ұғынып, жүйелі түрде онымен күрескен де еді.
Шарль де Голль «Сыпайының сипағаны – сұрағаны» деп өз қалауын өз жақтастарына француздық кербез кейіпте білдірді. Ататүрік Вахеддин сұлтанға өзінің билікке келуіне бөгет болмауын түріктік тектілікпен ұғындырды. Черчилль ағылшындық ақсүйек бола тұра, астарлы мысқылын айтып салып қарап тұратын. Ал Қазақстандағы жағдай басқадай – рең-кейіпте. Мұхит асып келетін қазақтың жауы жоқ. Көңілшек көршіміз көп.
Астарлап айтуының алғашқы нұсқасына Елбасының беделді баспасөз өкілдерімен болған бір кездесуінен келтірсек.
Дөңгелек үстел үстіндегі дөңгеленген әңгіме желісі тілге келіп тіреледі. Президент осы тұста ойын әдетінше айшықтап бастап, астармен аяқтайды.
«Осы тұста ағайынға айтарым бар, артыңнан еріп келе жатқан немерелерің қай тілде сөйлеп келеді? Алдымен соны қара. Біздің 9 миллион қазақтың 4 миллионы қазақша дұрыстап сөйлей де алмайды. Мүмкін, онан да көп?.. Соларды сөйлетіп алайық та, алдымен. Өзімізбен өзіміз қазақша сөйлеселік — тағы да айтарым. Бала-шағамызды, ағайын-туысымызды сөйлетіп алайық, сосын айтайық, міне, біз сайрап тұрмыз, сендер неге сөйлемейсіңдер деп. Біз өзіміз сөйлей білсек, тыңдап отырған Федор («Хабар» агенттігінің тілшісін меңзеп отыр – ред.) үйренеді бірдеңені. Біз сөйлемесек, онымен қазақша сөйлеспесек, ол қалай сөйлесін? Өзіміз сөйлемей жатып, басқаларды сөйлетеміз деуіміз не? Бұл жерде тұжырымдап айтатын бір мәселе бар. Терең мәселе, көкейдегі мәселе. Бізге елдің ішіндегi ең бірінші мәселе — тыныштық, сонан кейін – қазақтың баянды болашағы, соның арқасында тіл де болады, ғұрып та болады, мәдениет те болады, дәстүр де болады бәрі болады. Шыдам керек. Бір күнде еш нәрсе бола салмайды. Бір сағатта үлкен мәселені шешуге болмайды.
Төңірегімізге қарауымыз керек. «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» деген халқымыз». Жиырма жолға сыйғызып, жиырма ғасырда қол жеткен жетістіктің бұғанасы әлі де қатпағанын еске салудың бұл бір озық сәті еді.
БҰҰ мінберінде сөйлеген сәтінде «Күштілер ғана билейтін уақыт өтті» – деуі , осы сөзінің астарында Кедендік одақтағы олақ әрекеттерді де сынауы жатқан жоқ па? Саясаткерлер әсілінде толысқан, толған сәтінде өткен уақытқа баға беріп, кей мәселені өткір айтады. Жеке басының шаруасы емес, тарих үшін ауадай қажет ондай сәтте шын саясат саңлағы өзіне ауыр болып тұрса да, сондай түйінді мәселені айналып өте алмайды. Айтуына тура да келеді. Қабырғасы осал Қазақ елі үшін Назарбаев өзінің түркі әлемімен мүддесі бір бауыр екенін тайсалмац ашық айтты да.
Түркі әлемінің түйіні етіп Түрксой халықаралық мәдени ұйымының 1993 жылдың 12 шілдесі күні Алматы қаласында дүниеге келуіне ықпал етті. 2012 жылы Стамбулда өткен Қазақ-түрік бизнес форумын да Түркілер Одағы (Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия – ред.) туы көтерілер рәсімінде Қазақ басшысы өзінің тарихи мәні еш жоғалмас сөзін айтады: «Кезінде Ататүрік айтқан бүкіл түркі тектес халықтар қосылар сәт туады» деп. Мен осындағы барша түркі бауырларыммен көріскеніме қуанамын. Алтай мен Жерорта теңізі аралығын мекендеген 200 миллионнан астам бауырларымыз тұрады. Егер біз біріксек, әлемдегі санасар күшке тең боламыз. Осы үшін біз көп шаруалар атқарып жатырмыз. Түрксой мәдени ұйымы, Түркітілдес мемлекеттер бас кеңесі, ал Бакуде – Түркітілдес мемлекеттер парламенттік Ассамблеясы, ал Астанада Түрік академиясы т.т. Біз бүкіл түркілердің кіндігіне баланар жерде тұрамыз. 1865 жылы Қазақтың соңғы ханын өлтірген сәттен бастап біз Ресей патшалығына боданға айналдық. Онан кейін Кеңестер Одағының қамытын кидік. 150 жылда қазақтар бар болмысынан ажырай жаздады. Тек Құдайдың арқасында біздер 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сіздердің ата-бабаларыңыз өз дерінің тарихи отанынан кеткенде түрік деген атауын өздерімен ала кетті. Осы күнге дейін түріктер мықты жігіттерін «қазақ» деп айдар таға айбарын көтереді. Міне, сол қазақтар біздер боламыз!».
(Жалғасы бар)
«Жаһан таныған жеті тұлға» кітабынан