ШЫМКЕНТТІК АҚЫН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Шымкенттік айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Алакөлде өткізілген республикалық айтыста үшінші орынды иеленіп қайтты. Аталмыш дода Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына арнап ұйымдастырылған. Бұл туралы ең алғаш болып фейсбук парақшасында қаламыздағы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы сүйінші сұрады. Өзі қызмет атқаратын мәдени мекеменің ұжымы әріптестерін шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, еңбегіне табыс пен мол қуаныштар тілеген.
Нұрлан Келдібекұлы бұған дейін өзін айтыс алаңында дәлелдеп, бірнеше рет бас жүлдені иеленіп келе жатқан азулы өнер иесі. Сарышолақ Боранбайұлының 150 жылдығына орай Ақтөбе қаласында өткізілген республикалық ақындар айтысының 1 орын жүлдегері. Қызылордада «Нұр отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен республикалық ақындар айтысының 3 орын жүлдегері. 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығы мен Толе бидің 350 жылдық мерейтойына арналып Шымкент қаласында өткізілген республикалық ақындар айтысының 2 орын жүлдегері.
Сазгерлік қырынан да танылып жатқан ақынның «Жар іздеп жүрмін», «Шырқа-шырқа», «Тәңірден тілек», «Қайда жүр екен», «Анама» атты әндерін әншілер қауымы орындап жүр.
Елбасы Н. Назарбаевтың өзі 2017 жылы халыққа арнаған Жолдауында « Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп, рухани жаңғыруға ерекше мән беріп, Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы тұрғыда айтыс өнері мен айтыскерлердің қосып жатқан үлесі де мол екенін айта кету керек.

А.МӘЛІК.