САУАТТЫ ЖАРНАМА — ҚАЛА КӨРКІ

Шымкент қаласының Ішкі саясат, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары қатысуымен қала көшелеріндегі жарнама мәтіндерін ретке келтіру, дұрыс жазылуын қадағалау мақсатында рейд жұмыстары жүргізілуде. Рейд барысында көзге түскен алғашқы нысандар бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес:

-​Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады;

— ​Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс.

Рейд барысында Тіл туралы заңның сақталмауы анықталып, мамандар тарапынан түзету туралы ескерту берілді.

Аталған кемшіліктер түзетілмеген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес жеке кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Айта кетейік, шағын және орта бизнес өкілдеріне сыртқы жарнама құралдарын әзірлеу барысында мәтіндерінің сауатты жазылуына, орналасуына тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» (77-63-48) қызмет көрсетуде.

 

А.МӘЛІК.