БАБА ӘЛІПБИДЕН ДЕРБЕС ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИГЕ КӨШУ
Біздің жыл санауымызға дейін-ақ өзінің алып мемлекеттерін құрып Евразия даласында дәуірлеуді бастаған Түркі халықтары жер шарындағы толыққанды мемлекеттердің бірі болғаны тарихтан белгілі. Бүгінгі күн көзімен ұарағандағы мемлекеттіліктің барлық атрибуттары сол кездің өзінде Түркі қағандықтарында болды.
Қазақ жерінен табылған орта ғасырларға тиесілі «Орхон-Енисей жазулары», Жамбыл облысының Шу өңірінен табылған Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білігі» біздің жазу мәдениетіміз ертеден басталғанын көрсетеді. Ал «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы біздің халқымызға да ортақ. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.Яғни бабаларымыз алғашқы кезде тасқа қашап жазу арқылы алғашқы алфавиттік нұсқаларды жасады. Қарт Қаратау, ақбас Алатау, ұлық тау Ұлытаудағы, басқа да тасқа қашалып салынған суреттер, таңбалар арқылы бабаларымыз өз тарихын кейінгі ұрпаққа жазып қалдыруды бастаған. Ал «Орхон-Енисей жазулары болса адамзат тарихындағы алғашқы толыққанды алфавиттердің бірі есептеледі. Оның адамзат дамуындағы маңыздылығын бүгінде әлем ғалымдары мойындап отыр.
Сегізінші ғасырдан кейін халқымыз ислам дінін қабылдай бастаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. 900 жыл бойы қазақ жерінде араб әліпбиі қолданылып келді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әліпбиіміздің жиі ауысқаны туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде атап көрсеткендей, 1929 жылғы 29 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби — «Біртұтас түркі алфавитін енгізу туралы» қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ әліпбиін өзгерту тарихи, негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Бірақ, оншақты жылдан кейін қазақ-латын әліппесін қайтадан басқыншының кириллица таңбасына көшіру бодандыққа бейімдеу саясаты еді.
Иә, шын мәнінде, ұзақ жыл бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған Қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өрениетке негізделген латын әліпбиіне көшу ежелгі арман болғаны даусыз. Жалпы, кириллицадан латын алфавитіне көшу — еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал ресми түрде ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен басталады. Өйткені, дербес мемлекеттің өзінің тілдік заңдылықтары ескерілген жеке әліпбиі болуы тәуелсіздіктің, ұлттың тілдік ерекшелігін сақтаудың басты белгісі. Баба әліпбиден ұлттық дербес әліпбиге көшу осылай басталды.