ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ҚЫЛМЫСТЫ АШУҒА КӨМЕКТЕСУДЕ
Қазақстанда барлық салаларға цифрлық технологияларды енгізудің басталғанына бірнеше жыл болды. Сандық жүйеге қосылған салалардың жұмысты жандандыруға көп көмегі тиюде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуында цифрландырудың маңыздылығын айтып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын барлық салаларға енгізу керектігін айтқалы бері жергілікті әкімдіктер бұл мәселеге мән беріп Шымкент қаласында барлық салаларға цифрландыру жүйелері енгізіліп келеді. Оның жұмыс барысында көп тиімділігі барын енгізгендер көріп те жүр.
Мысалға, 2021 жылдың 26-шілде мен 1-тамыз аралығында Шымкент қаласының Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «102» нөміріне түрлі сипаттағы 8841 қоңырау келіп түсті. Оның — 3732 тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Бір апта ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен 4 қылмыс ашылды. Айта кетейік, бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қадағалайды. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмысты ізін суытпай ашуға үлкен көмек көрсетеді. Нөлдік төзімділік қағидаты және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 889 факті анықталды: ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда қоқыс тастау) – 31 жайт, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда мас күйінде болу) – 33, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда қайыршылық жасау) – 41, жол қозғалысы ережелерін бұзу 653 және өзге де 131 құқық бұзушылықтар.
Үшінші мегаполисте қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылық пен заң бұзушылықтың алдын алу мәселелерінде цифрландырудың көп көмегі тиіп, қылмыстарды ашуға көмектесуде.