МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТТАР — ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МАҢЫЗДЫ ЭЛЕМЕНТІ

Жаңа тәуелсіз ел есебінде Қазақстан Республикасына да мемлекеттік марапаттар қажет болды. 1993 жылдың  1 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» заңға қол қойылды.

Ерекшеліктің жоғары деңгейі Қазақстан Республикасы алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін берілетін «Халық қаһарманы» атағы болды.

Қазақстанның алғашқы ордендері – «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет». Қазақстанның алғашқы медальдары – «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат».

Мемлекеттік марапат регламентін белгілейтін заң  1995 жылдың 12 желтоқсанында қабылданды.

«Халық қаһарманы» атағына теңестірілетін жоғары деңгейдегі ерекшелік белгісі – Қазақстан Республикасы алдындағы айрықша еңбегі үшін берілетін «Алтын Қыран» ордені болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті осы лауазымға сайланған соң ерекше үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері болады деп белгіленді. Сондай-ақ бұл марапат Ресей Федерациясының Президенттері Борис Ельцин мен Владимир Путинге, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовке, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминьге, Жапония Императоры Акихитоға және Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосқан басқа да мемлекеттердің көшбасшыларына берілді.

2001 жылдың 3 мамырында елдің қалыптасуы мен дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін берілетін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назавбаев»ордені бекітілді.

2008  жылдың 1 желтоқсанында «Халық қаһарманы» атағымен және «Алтын қыран» орденімен теңестірілген, елдің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы көрнекті жетістігі үшін берілетін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бекітілді.

Еліміздің маңдайалды ұлдары мен қыздарының әскери және бейбіт еңбектегі ерлігі қашанда біздің халқымыз үшін үлгі болмақ.