КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӘЖІ

Енгізілген өзгертулер мен түзетулерге қарамастан 1990 жылдардың басындағы Қазақ КСР-нің Конституциясы қалай болғанда да ұдайы өзгеріп тұратын уақыт талабына жауап бере алмайтын. Тәуелсіз Қазақстанға, оның заманауи өркениетті мемлекет ретінде одан әрі дамуы үшін, құқықтық іргетас іспетті жаңа Конституция қажет болатын.

Елбасының тапсырмасымен Негізгі заңды дайындау үшін жұмыс тобы құрылып, оған Қазақстанның белгілі заңгерлері, құқық саласының танымал мамандары тартылды.

1992 жылы Конституция жобасы негізінен бұрынғы саяси жүйені жақтаушы Жоғарғы Кеңес депутаттарынан тұратын Конституциялық комиссияға жіберілді.

Олардың аса маңызды қос палаталы Парламент ұалыптастыру принципіне, оны тарату механизміне, Президент импичментіне қатысты ұсыныстарды жоққа шығаруына таң қалуға да болмайтын. Дәл сол кезде Депутаттар Жоғары Кеңестің бүкіл Қазақстан халқының атынан сөйлеу құқығын бекітіп, сол арқылы мемлекеттік билікті бөлісу принципін жоққа шығарды. Іс жүзіндегі қос билік пен комиссия мақұлдаған Конституция жобасының көзге ұрып тұрған қайшылықтары биліктің екі тармағы арасындағы дауға негіз болды. Сондықтан Қазақстанның бірнеше қоғамдық қозғалыстары мен саяси партиялары жобаға түбегейлі қарсы болды және оны қайта қарауға жіберуге шақырды. Оның үстіне олар депутаттарының үштен бірі сол кезде жұмысын тоқтатып үлгерген, қоғамдық ұйымдардан сайланған кеңестік дәуірден келе жатқан Жоғарғы Кеңестің жаңа тәуелсіз мемлекеттің Конституциясын қабылдауға байланысты моральдық құқығына қарсылық білдірді.

Дей тұрғанмен, 1993  жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясын мақұлдап дауыс берді. Конституция күшіне енісімен, оның ақиқаттан алшақтығы және мемлекеттік құрылыстың құқықтық  негізі бола алмайтыны бірден байқалды. Осы конституцияны қолдап дауыс берген Жоғарғы Кеңес өзінің жаңа дәуірге үйлеспейтінін тағы да бір көрсетті.

1995 жылдың 6 наурызында «Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының қаулысынан туындаған шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, соған сәйкес Жоғарғы Кеңес сайланғаннан бір жылдан кейін өз қызметін тоқтатты.