«БОЛАШАҚ» — ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ

Тәуелсіздік алған жылдар ел еңсесі әлі көтере алмай, аяққа тұра алмай қиналғаны рас. Еліміздің Тұңғыш Президенті өзінің кемергерлігімен, болашақты болжай білетін сұңғылалығымен қаншама пайдалы реформалар мен жобаларды жасады. Елбасы болашақ білімді жастардың қолында екенін, шетелдің озық университеттерінен білім алып келген жастарымыз мемлекеттің нығайып, өркендеуіне мол үлес қосатынын бағамдай білді. Сол ойдың жемісі ретінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниеге келді.

1993 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Бұл бастама дарынды жастарға келешекте өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалану үшін шетелде сапалы білім алуға көмектесу идеясына негізделген. 1994 жылы бір топ қазақстандық студенттер тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді.

1994 жылдан бастап 2004 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында барлығы 785 студент әлемнің 13 елінде білім алды. Стипендия қызметте табысты өсудің, түлектердің кәсіби мамандануының кепілі іспеттес. Бұның дәлелі ретінде бағдарламаның көптеген түлектері мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдарда жауапты қызметтерді атқарып, мемлекеттік және халықаралық жобаларға қатысып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Мемлекет басшысының 2005 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерінің санын арттыру жөніндегі бастамасын іске асыру мақсатында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына конкурс өткізуді ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 301 қаулысымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.

2007 жылы елдер мен ЖОО-лар тізімі толықтырылды. Қазіргі кезде үміткерлер әлемдегі 32 елдің алдыңғы қатарлы 630 оқу орындарында оқи алады. Бүгінгі таңда стипендияны іске асыруда магистрлік және докторлық бағдарламаларға, сондай-ақ біздің ел үшін анағұрлым қажетті болып табылатын техникалық және медициналық бейіндегі мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.

Үміткерлер санының өскеніне қарамастан, «Болашақ» бағдарламасының негізгі қағидаттары бастапқы қалпында қалып отыр. Олар:

  • үміткерлерді дайындаудың жоғары деңгейі;
  • елімізде және одан тыс жерлерде бағдарламаның оң бейнесін сақтап қалу;
  • конкурстық іріктеуді ашықтық және әділдік қағидаттары бойынша өткізу;
  • стипендия иегерлерін әлемнің үздік университеттеріне жіберу.