САММИТ — САМҒАУДЫҢ БАСЫ

Ғасырлар бойы көрші алып империяның боданы болып күй кешкен халқымызды уақыт оздырмай әлем халқына танымал етіп көрсеткісі келген Елбасы саясатын түсінуге болады. ХХ ғасырдың соңғы жылдары, азаттыққа жеткенімізге небәрі алты жыл толар толмаста Астана рухын асқақтатып Бәйтерек дүниеге келді. Сол уақыттан бері күн өткен сайын, жыл жылжыған сайын гүлдене көркейіп дүниеге келген жас қаламыз Астананы дүниежүзі халқына таныстыру, алыс-жақын елдің көсемдеріне қазақы дәстүріміздің ежелгі салтымен ақ дастархан жайып бата алу абыздықтың белгісі болса керек.

Ол 2010 жылғы 1-2 желтоқсан күндері керуен керді. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мем­­­­лекет және үкімет басшысы, жо­ғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халық­аралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері келді. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони болды.
Сәрсенбі күні басталған жиынды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ол сөзінде ұйымға мүше елдерге Еуразия қауіпсіздігі туралы келісім әзірлеу туралы ұсыныс жасады. «Біз келер жылы Ислам елдері ұйымына төрағалығымызды Еуразия кеңістігінде сенімді нығайтуға күш салуға пайдаланатын боламыз» деді Елбасы.

Бұл саммит жай ғана басқосу емес немесе Астананы таныстыру үшін жасалатын саяхат емес, әрине. Бұл саммиттен қазақ елі ғана емес, Еуропа құрлығы да көп нәрсе күтті. Он жылдан астам үнсіздік, үзіліске бет бұрған саммитке Қазақстан қозғау салды, жан бітірді.

Бейбітшілік пен тұрақтылықты, татулық пен бірлік, ынтымақты қағида етіп ұстанатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін қатардағы оқиғаның бірі емес еді. Қаншама жыл ел тізгінін берік ұстаған  Елбасы өз үйімізде болып жатқан татулық пен тыныштықтың барша адамзат баласына ортақ болғанын қалады.