ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ПАРТИЯЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

1990 жылы бүкіл Кеңес одағы бойынша жаңа партиялар құрыла бастады. Біздің елімізде алғаш болып «Алаш» ұлттық тәуелсіздік партиясы, «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы және Қазақстанның социал-демократиялық партиясы өзінің жұмысын бастағанын мәлімдеді. 1991 жылдың маусымында қабылданған қоғамдық бірлестіктер туралы заң көппартиялықтың дамуына ықпал етті, ал қоғамды дүр сілкіндірген тамыз «бүлігі» осы процеске қосымша қарқын қосты.

1991 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР коммунистік партиясы (ҚКП) өзінің кезекті съезінде КОКП құрамынан шықты және Қазақстанның Социалистік партиясы (ҚСП) болып қайта құрылды. Жаңа партияның бағдарламасы социал-демократиялық принциптерге негізделіп, оның тең төрағалары Ермұхамбет Ертісбаев пен Анатолий Антонов болды.

Компартияның мұрагері есебінде оның дүние-мүлкін алған, барлық аудандарда ұйымдық құрылымын сақтаған және өзінің бұқаралық ақпарат құралдары бар ҚСП тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ең бұқаралық сипаттағы саяси ұйымға айналды, бірақ 1990-шы жыдардың ортасында өз басшыларының дүрдараздықтарынан соң қызметін тоқтатты.

Сол жылдары дәл осындай себептен Қазақстанның «Азат» республикалық партиясы да саяси өмірден кетті, ол 1991 жылы осы аттас, демократиялық ұлттық мемлекет құруды мақсат еткен азаматтық қозғалыс болып қалыптасты.

1991 жылдың қазанында саяси идеалы – құқықтық және әлеуметтік бағдардағы мемлекет болған «Қазақстанның ұлттық конгресінің» (ҚҰК, О.Сүлейменов, М.Шаханов) құрылтай съезі өтті. Дегенмен бұл партия ұзақ өмір сүрген жоқ: көшбасшылары дипломатиялық қызметке ауысқан соң, саяси бірлестік те қызметін тоқтатты.

Күн сайын өоғамдық өмірдің трансформациялануына байланысты ел қоғамның әртүрлі топтарының қолдауына ие болып, алда тұрған міндеттерді шешуде халықты ұйыстыра алатын қауқарлы центристік партияның қажеттілігін сезіне бастады.

(жалғасы бар)