ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МӘДЕНИ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекетіміздің тарихты түгендеу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырғаны мәлім. Одан кейін ұлттың жаңа тарихи дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруды мақсат еткен «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдап, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтаудың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтағаны да белгілі. Соңғы кезде қоғамдық сананың, көзқарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді.
2020 жылы еліміз ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтті. 10 тамыз – «Абай күні» болып жарияланды. Әрине, ғұламаға арналған іс-шаралар бір жылмен ғана шектелмейді. Дәстүрлі түрде жалғаса береді. Кемеңгердің еңбектері әлемнің 8 тіліне аударылып, шетелде Қазақстанның елшіліктері жанынан 8 «Абай орталығы» ашылды.
Ұлыларымызды ұлықтау, олардан қалған мәңгі мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу – ұлттық руханиятты дамытудағы жұмыстарымыздың басты бағыттарының бірі. Биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы аясында «Жамбыл жылының» шымылдығы ашылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы республика көлемінде аталуда.
Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды шаһарларымыз жанданып, тарихи ескерткіштеріміз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақталып, қорымыз байыды. Ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейде паш етіле бастады. Сондықтан, еліміз жүріп өткен 30 жыл жемісті болды деуге толық негіз бар.