ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСЫ — «БАБАЛАР СӨЗІ» ЖҮЗ ТОМДЫҒЫ
Тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жиған ел тарихын түгендеуге кіріседі. Мұның жарқын айғағы — халық әдебиетінің жауҺар үлгісі – «Бабалар сөзі» 100 томдығы қалың жұртшылыққа жол тартты. Бұл топтамаларда, әсіресе, хикаялық дастандар, діни дастандар, ғашықтық дастандар, тарихи жырлар, батырлар жырлары, балалар фольклоры, аңыздар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер мен қара өлең, хайуанаттар туралы ертегілер кең қамтылды.
Халық қазынасы – «Бабалар сөзі» сериясы туралы жоба жетекшісі академик С.А.Қасқабасов былай деп еске алады: «…Кеңес заманында тарихи жырлар, діни дастандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де мұраларымыз ескерусіз қалып отырды… Бұлар жазып алғанға дейін халқымыз арасында ауыздан-ауызға тарап келген дүниелер болатын. Біз оны «жаман» не «жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекте шығып, саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін», «түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық қалпын сақтады. Біраз дүниелер ескі араб, төте, латын жазуларынан алынғанын да айта кетсем деймін».
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарих, археология, этнография бағыттарынан өзге арнаулы еңбектер, энциклопедиялық сөздіктер де жарыққа шықты. Олардың бірқатарын атасақ, «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (он том), «Әдеби жәдігерліктер», «Әлемдік фольклор», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Қазақ өнерінің тарихы», «Қазақ әдебиеті» (энциклопедиялық анықтамалық), «Қазақ мәдениеті» (энциклопедиялық анықтамалық), т.т. қалың жұртшылыққа жетіп, мәдени-рухани сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Маңыздысы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектер тақырыптық ерекшеліктерімен ғана емес, азаттық арқауы – тәуелсіздік талаптары мен уақыт рухын да айқын аңғартады.
Қазақ мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен тағылымы «Ел тұтқа», «Елорда», «Алаш қозғалысы», «Азаттықтың өшпес рухы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ мәдениеті» (энциклопедиялық анықтамалық), «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» (2 том), «Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары», «Отырар кітапханасы» сериясы (100 кітап) сынды ұжымдық еңбектерде кең орын алды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Аманат» (қазақ күйлері антологиясы) атты халықтық туындылар басылды.
Ұлт тәуелсіздігі тұсында ел мақтаныштары – әл-Фараби, Махамбет, Абай, Жамбыл, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев және басқа да елге тұтқа болған тұлғалар есімі мен еңбектері ЮНЕСКО шеңберінде төрткүл дүниеге танылды. ЮНЕСКО тізіміне енген «Наурыз» көпұлтты аталымы, «Қазақ күресі», «Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Айтыс – импровизация өнері» (Қырғызстанмен бірге), «Киелі күй өнері» Ұлы дала тарихын, халық әдебиеті мен мәдениетін, дәстүрі мен тұрмысын, фольклорлық мұрасын кеңінен көрсетеді.
Бұл жазбамызда атүсті тек атауларын берумен шектелдік. Әйтпесе, әрқайсысы атан түйеге жүк болардай. Тек оқу және тану керек.
Н.БАТЫРБЕК