ЕЛ ШЕКАРАСЫ — ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ

Біз мемлекеттік шекараны бекітудегі Президент атқарған күрделі жұмыстардың маңызын әлі толық түсіне алған жоқпыз. Мемлекет шекарасын бекітуде территориялық дауларды алып тастау, көршілес елдермен бейбіт қатынаста өмір сүруге қол жеткізу, көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын, бес Франция сыйып кететін ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалу – үлкен стратегиялық жұмыс. Таулы Қарабақ үшін дауда Әзірбайжан мен Арменияның «соғыс өрті әне тұтанады, міне тұтанады» деген қауіппен әлі күнге қырғи-қабақ жағдайда отырғанын жақсы білеміз. Демек, ата-бабаларымыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздің шашауын шығармай сақтап қала алу – Мемлекет басшысының ерен еңбегі мен ұйымдастырушылық деңгейінің жоғарылығының нәтижесі.
Реті келгенде айта кеткен жөн, шекараны бөлісу оңайға түспеді. Әр елдің өз мүддесі, ішкі есебі бар. Мемлекеттік мүдде тағы бар. Мұндай тарихи кезеңде аталған жайттардан айналып өту оңай емес екені тағы белгілі. Ресеймен арадағы шекараны анықтап, нақты бекіткен уақытта Астраханмен жер бөлісу оңай болмады. Әр шаршы метр үшін сол кезде Президенттің қалай тер төккенін білеміз. Президент қазақтардың моласы тұрған жерлерге дейін өзімізде қалдыруға тырысып бақты және соған қол жеткізді. Қытай, Өзбекстан елдерімен шекара бөлісу үлкен қиындықтардың нәтижесінде мүмкін болды. Ата-бабаларымыздың кезінде мал жайып, көп жерлерге салып кеткен белгілеріне дейін, әр төбешікке дейін ескерген Президент жер бөлісуде мемлекетіміздің есебін де, есесін де жібермеді. Мұның барлығы дипломатиялық қатынастағы шеберлік еді. Осылайша, мемлекеттік шекара тарихи өткен жолымызда тұңғыш рет ресми түрде нақты айқындалды, еліміздің 14 мың шақырымнан астам шекаралық шегі заңды түрде белгіленіп, мемлекетіміздің территориялық тұтастығы туралы алып-қашпа сөздерге біржола нүкте қойылды. Біз – алып державалардың ортасында орналасқан елміз. Азуын айға білеген державалардың ішкі есебі, ойы әртүрлі. Жер байлығы «нөмірі бірінші» орынға шыққан осынау кезеңде мемлекеттік шекараны заңды әрі алып елдермен бет жыртыспайтындай етіп белгілеп алу – Президенттің үлкен тарихи еңбегі.