ЕЛБАСЫ — ДАРА ДИПЛОМАТ

Елбасымыз дипломатиялық қатынас орнатуға, диалог арқылы оңды келісімдерге қол жеткізуге келгенде шебер саясаткер. Қай елдің Президентімен де күнде көріп жүрген сыралғы досындай сөйлеседі. Еуропа, Қытай, Ресей басшылары Президентті қатты сыйлайды. Және қай елдің халқында да Қазақстан Президентіне деген қызығушылық басым. Қазақстан басшысы алып елдермен тиімді дипломатиялық қатынас орнатты. Мәселен, айдаһар ел атанған алып Қытай. Қытай-Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бар-жоғы бір айдың ішінде бізбен дипломатиялық әріптестік орнатқан мемлекет. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жазған естелігі де бар. «Ақиқатын айту керек, Нұрсұлтан Әбішұлы алып көршімізбен қазақ қазақ болғаннан бұрынғы кезеңдерде ұлы даланың бірде-бір әміршісі жасай алмаған тең дәреже, өзара сыйластық пен сенімге құрылған қарым-қатынас орната білді. Тәуелсіздік жылдары екі ел басшылары екі жаққа бірдей талай рет ресми сапарлар жасады» деп келтіреді.
Реті келгенде айтып өткен жөн, Қазақстан басшысы еліміз егемендігін алған сәттен бастап Қытай елімен арада тыныш шекара, тиімді экономикалық, саяси қарым-қатынас орнатуға айрықша назар аударды. Және осынау миссияға бел шеше кірісті. Әсіресе, шекара мәселесіне, жер мәселесіне келгенде кей мемлекеттер арасында сонау тоқсаныншы жылдары соғыс өртінің тұтану қаупі болғаны белгілі. Әлемге айбарын шашқан алып Қытаймен бұғанасы бекімеген жас мемлекеттің мол мұралы жерді қисынды жолмен белгілеп, халықаралық құжаттармен бекітіп, мәселені нақты шеше алған Президенттің бұл еңбегін ұрпақ алдындағы өлшеусіз зор еңбек демеске лажың жоқ.