ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП

Тәуелсіздік алған жылдарда еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы оның ішінде мақта, тоқыма өндірісі біраз тұралап қалғаны рас. Қазақстан Республикасында 1992 жылға дейін «Жеңіл өнеркәсіп» жақсы жұмыс істеген. Бұл саланың бүге-шігесімен өкімет айналысқан. Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикалық жағдайларға байланысты жіпті өз елімізде иіріп, матаны өз елімізде тоқып, теріні өз жерімізде илеп, киімді де өз жерімізде тіккеннен гөрі, көршілес елдер мен алыс-жақын шет мемлекеттерден сатып алған тиімді деген түсінік болды. Осышайша түрлі сылтаулар мен тағы басқа да желеулер бұл саланың қызметін тоқтатып, қолда бар өндіріс орындарын, зауыттар мен фабрикаларды жеке-меншікке өткізуге жол берілді. Сол кезде жеңіл өнеркәсіп орны қазіргі Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 50-ші үйде болатын.

Кеңес уақытында бұл салада бір Қазақстанның өзінде 402 000 адам жұмыс істеген. Одаққа белгілі Жамбылдағы жеңіл және тоқыма өнеркәсібі институты мен оның филиалы ретінде ашылған қазіргі Алматы технологиялық университетінде жас мамандар даярланған. Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарын бірден бір дайындайтын оқу орны М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Ал республика көлемінде бүгінде барлық жоғары оқу орындары осы сала бойынша жылына үш мыңға тарта маман дайындайды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жеңіл өнеркәсіп саласын жаңғыртуда үлкен көрегендік танытып келеді. Қазіргі таңда заман талабына сай ел дамуына қажетті инновациялық бағдарламалар қабылданып, іске асырылып келеді. Қазақстан Республикасындағы «Арнайы экономикалық аймақтар» туралы 1996 жылы 26 қаңтарда қабылданған заңға сәйкес шитті-мақтаны қайта өңдеу, тоқыма өндірісі мен тігін өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құру жөнінде ұсыныс қабылданған. 2006 жылдың 6 шілдесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекітіліп, маңызды құжатқа қол қойылды.

Аталған экономикалық аймақтың негізгі мақсаты мынадай:

— тоқыма өнеркәсібіндегі дайын бұйымдарды өңдеп дамыту;

— ҚР экономикасының әлемдік жүйесіне кіруін жандандыру;

— елімізге дайын тоқыма өнімдерін өндірушілерді тарту;

— жоғары техникалық өндірістер құру және өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту болып табылады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет «Тоқыма кластерін» дамыту жоспарын бекітті. Сонымен қатар «Мақта саласын дамыту» туралы заң әзірленді. Бұл жоспардың, заңның негізгі мазмұнында шаруалардың мүддесін қорғау, фермерлер мен шитті-мақтаны қабылдайтын зауыттардың арасындағы байланысты айқын және әділ белгілеу, шитті-мақтаны теру кезіндегі шаруалардың басты мәселесіне айналған бағаны тұрақтандыру қамтылған.

Алысты аңдап, болашақты байқай білген көреген Көшбасшының жеңіл өнеркәсіпті жолға қоюы — ел жкономикасын жаңа белеске көтерді.