ЖАҺАНДЫҚ КЕҢІСТІККЕ БАСТАР ЖОЛ
Еліміздегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне Мемлекет басшысы байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе, өзінің салиқалы шешімін айтты.
Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды. Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.
Латынға көшу ісі үлкен дайындықты қажет етті. Көптеген түсіндіру шаралары атқарылды. Қоғамның пікіріне баса назар аударылды. Қоғамымызда латынға көшуді қолдайтындардың үні басым түсті, өйткені латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы екенін халық терең түсіне білді.
Бір қуантарлығы, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың дауысты – ә, ө, ү төл дыбыстарының қос әріпті болып келуі болатын. Жаңа нұсқада бұл талап толық шешімін тауып, енді олар бір әріппен, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, белгіленеді. Сөйтіп халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы дайын болды.
Ел арасында ерекше қолдау тапқан терең талдау мен қазақтың төл дыбыстарын белгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуана қолдап отырмыз.
Ұсынылып отырған нұсқадағы 11 әріптің 9-ы жаңа формада қабылданыпты. Бізді ол қатты қуантып отыр.
Бүкіл әлемді шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көкжиегін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны белгілі. Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі деп санаймыз, себебі қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшуде екеніне және бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне халықтың көзі жетті. Қоғамның жаңа әліпбиді талқылауда көрсеткен белсенділігі соның тағы бір жарқын дәлелі деп санаймыз.
Сәния Ақласова,
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының аға әдіскері