ДҰРЫС ТАҢДАУ

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз.

Қазіргі қазақ орфографиясындағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді.

Бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі, өркениетке бағыттайтын күре жол – латын жазуына көшу. Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың       70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады.                                                            

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек.                         Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», –  деген болатын.

Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.

Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алуда. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз.

Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын  қамтиды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала әкімдігінің бекіткен «Латын графикасында оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру курсы» атты жобасын іске асырды. Тыңдаушыларға жаңа қазақ әліпбиінің құрылымы мен сипаттамасын, қазіргі айтылым және жазылым нормаларын үйретуді мақсат еткен мекеме ағымдағы жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында әртүрлі мекемелерде оқу курсын ұйымдастырады. Маусым – қараша аралығында 800 салалық мекемелердің қызметкерлеріне және қала тұрғындарына  арналған оқу-курсы ұйымдастырылып, 854 мемлекеттік қызметкерлер оқытылды. Тыңдаушылардың басым көпшілігіне кейбір дыбыстардың жазылу емлесін меңгеру қиындық тудырады.  Атап айтқанда: – І, И дыбыстары. Аталған жаңа нұсқадағы латын қарпінде осы үшеу і – І таңбасымен берілген. Іі мен Ии әріптерінің жаңа нұсқадағы бас әріптері бірдей І болып таңбаланады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 21 қазанда өзінің Twitter желісіндегі парақшасында латын әліпбиіне көшуде әлі де олқылықтар барын, сала мамандары жаңа әліпбиді әлі де жетілдіру керектігін атап өткен болатын. Латын әліпбиі қайта қарастырылса, емле төңірегіндегі пікірталастар мен келіспеушіліктер біраз еңсерілер еді. Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі.

Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз. Бұл тұрғыда осы іспеттес курстар жаңа әліпбиді үйретуде үлкен септігін тигізбек. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

 

Аяжан ҚАЛҚАБЕКОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді
дамыту және архив ісі басқармасы
 «Руханият» орталығының бас маманы