ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАЗАҚСТАН КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА ШЫҒАРАТЫН САНАУЛЫ ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА

Былтыр басталған коронавирус індеті бүкіл әлемді дүрліктіріп, аяғынан тік тұрғызғаны белгілі. Ол індет алғаш тіркелгеннен батсап бүгінгі күнге дейін қаншама миллиондаған адам ажал тырнағынан аман қалса, қайтыс болғандардың саны да көңіл көншітерлік емес. Вирус тіркелген күннен бастап дүниежүзінің дәрігерлері оның емін табуға және оған қарсы вакцина ойлап табуға белсене кірісті. Мол ізденістер мен тәжірибелер өз жемісін бермей қоймады. Коронавирусқа қарсы вакцина жасалды. Бұл табыстарға Қазақстанның дәрігерлері мен ғалымдары да елеулі үлес қосты. Өзіміздің отандық вакцина пайда болды. Бүкіл әлемде вакцина шығарған елдер саусақпен санарлық десек, бұл біздің медицинаның үлкен жетістігі.

Елімізде биыл 26 сәуірден бастап ресми түрде отандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын халыққа егу басталды. Осылайша, Қазақстан әлемде Сovid-19 індетіне қарсы өз вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған саусақпен санарлық елдердің санатына қосылды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Біз әлемде вакцина өндірісін іске қосқан он елдің және вакцинаны шығарудың толық циклін – әзірлеуден бастап қолдануға дейін игерген бес елдің қатарына кіреміз. Бұл – үлкен жетістік. Қарағандылық фармацевтика зауыты вакциналардың негізгі партияларын қосымша өндіреді, нарықты толтырады, бұл азаматтардың заманауи препараттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді», деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес QazCovid-in вакцинасын Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Qaz-Covid-In – өлі вирустан жасалған вакцина. Бұл бұлшықет ішіне 0,5 мл/дозасы енгізіледі. Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штамы бар. QazCovid-іn «Қазақстан, ковид, инактивацияланған» дегенді білдіреді. Бұл химиялық реагентпен «өлтірілген» 2019-Ncov вирусына негізделіп жасалған. Вакцинадан кейінгі асқынулар жеңіл өтеді әрі дене қызуы жоғарыламайды. Сондай-ақ Спутник V вакцинасы сияқты екі компонентті және 21 күндік интервалмен салынады. Отандық вакцинаның бір артықшылығы – сақтау шарттары. Егер Спутник V вакцинасы тоңазытқышта 18 градус температурада сақталса, QazVac вакцинасы 2-8 градус температурада сақталады. Бұл препаратты өндірушіден тұтынушыларға жеткізу логистикасын жеңілдетеді.

Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңіне 18-65 жас аралығындағы 44 ерікті, екінші кезеңге 200 адам, үшінші кезеңге 3 мың адам қатысты. Қазақстан дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне өзінің ковидке қарсы вакцинасын тіркеді.