ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА: АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТКЕН ҚАЗАҚСТАН

Жаңа нарықтық қатынастар ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістерді талап етті. Қазақстандық ауылдар бұрынғыдай дотацияға арқа сүйей алмайтын.
1990 жылдың бірінші жартысында Н.Назарбаевтың бастамасымен аграрлық сектордағы нарықтық қатынастардың негізін қалаған және саладағы жүйелі дағдарыстан өтуге жағдай жасаған бірнеше заңнамалық акт қабылданды. Жер иеленушілер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жер пайдаланушылар жірді мемлекеттен жалға алды және дербес шаруашылық жүргізу құқығына ие болды.
Жекешелендірудің бірінші кезеңінде ауыл шаруашылығы объектілері ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылды, ал еңбек ұжымдарына заттық пайлар берілді.
Шартты жер үлестері мен мүліктік пай иелері бірігу және ортақ кәсіпорын құру құқығын пайдалана бастады. 1995 жылға қарай 1,5 мың мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны (80 проценттен астамы) жекешелендірілді. Олардың базасында 3 мыңнан астам шағын кәсіпорын, акционерлік қоғамдар, кооперативтер шаруа (фермерлік) шаруашылықтары құрылды.
Нарықтық жағдайдағы еліміздің ауыл шаруашылығының бір ғана жолы болды, ол — экономикалық тұрғыда тиімді, нарықтық кәсіпорындарды дамыту және жер реформасын жалғастыру.