ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ТЕҢГЕНІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ

Кез келген мемлекет үшін төл валюта – тек экономикалық категория ғана емес, сондай-ақ символдық тұрғыда «ақша түріндегі тәуелсіздік» болатын.

1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаға көшуге әзірлік жөніндегі құпия комиссия құрылды. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев өз естеліктерінде былай дейді:

«Мен әр кеш сайын біздің тобымыз жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келетінмін. Топта ақшаның атауына байланысты үлкен дау болды. Біреулер оны «сом» десе, енді біреулер «ақша» немесе «теңге» деп атауды ұсынды. Менің өзіме «алтын» деген атау ұнайтын.  Ең соңында орта ғасырларда қыпшақ даласында айналымда болған, «тәңга» деп аталған ақша атауына орай «теңге» деген сөзге тоқтадық. Оның үстіне «деньги» мен «теңге» сөзі, тегі бір болғандықтан, бір-біріне ұқсас еді.

1993 жылдың 1 қарашасында алғаш рет елдің алтын валюта қоры турады ақпаратты жариялады, ал келесі күні ресми түрде рубль аймағынан шығатынымызды мәлімдеді. 12 қараша күні Елбасы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Жаңа банкноттар айырбастауға қажетті мөлшерде елдің аудандары мен банктеріне небәрі 8 күннің ішінде жеткізілді. 15 қараша күні таңғы 8-ден басталған айырбас кешкі 22:00 сағатта аяқталды. Ойластырылған, салқынқанды әрекеттер нәтижесінде Қазақстан Республикасы өзінің төл валютасына ие болды. Бұл оқиға біз үшін тек ғана экономикалық емес, сондай-ақ саяси мәнге де ие еді.