ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ

Басқа жас мемлекеттер секілді Қазақстанда тәуелсіздігін ала сала қаржы және салық жүйелерінің жаңа өзгерістерге көшуіне дайындық жасады. КСРО ыдырағанға дейін елде көбінесе экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі болған айналым салығы тіркелген бөлшек сауда және көтерме сатып алу бағаларын қолдануға және мемлекеттік реттеп отыруға бағытталған болатын. Салық жүйесінің реформасы да тек заңнамалық функциялар Президентке көшкен 1995 жылы ғана мүмкін болды. «Бюджет жүйесі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңдар 1991 жылдың өзінде қабылданған болатын. Алайда, тұтастай алғанда, фискальды саясат қарама-қайшылыққа толы болды және іскерлік белсенділіктің дамуына кедергі келтірді. Сол кезде қырық шақты болған салық жүктемелері дербес жағдайда өзгеріске ұшырады.

1995  жылдың  24 сәуірінде «Салықтар және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер туралы» Жарлық күшіне енді. Салықтар саны 11-ге дейін қысқарып, олардың орнына кірістің корпоративі салығы енді. Оның орташа мөлшері кезең-кезеңімен төмендетілді. Салыққа байланысты көзқарастың өзі де өзгерді – енді мемлекет одан тек қана мемлекеттік бюджетті толтыруды ғана емес, сондай-ақ инвестицияларды ынталандырудың, соған сәйкес өндірісті дамытудың тетігін көрді.