ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ АҚТАЛДЫ

Еліміз егемен ел, тәуелсіз жұрт болса деп армандаған, өмірін осы мақсат жолына арнаған есіл ерлерді «халық жауы» деп қара таңба салған күндер де өткен тарихта. Елбасының бастамасымен 1993 жылғы мамыр айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Осылайша, кезінде кертертпа жүйенің кесірінен еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды ақтап, өктем саясатпен жасалған тарихтың қателігін түзеді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні елімізде жыл сайын аталып өтеді. Республика бойынша әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ас беріледі. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.

1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады. Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Орталық, Ресейге жер аударылды. 19336-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т. б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Соңғы зерттеулер бойынша 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына соттап, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931-1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды. Ашық сот процестері 1937 жылы республиканың Үржар, Преснов т. б. аудандарында болып өтті. 1937 жылы қарашада Қарағанды облысының Ә.Асылбеков, Н.Нүрсейітов, М.Ғатаулин т.б. басшыларының үстінен жүргізілген сот процесі халықтың жан-жақты талқылауына ұласты. Алайда «халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л.Мирзоян, Ү.Құлымбетов, Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов. О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды. Осындай ұлт қаймақтарын ақтап, сағынысқан жұртымен қайта қауыштырған егемендіктің самалы емес пе!?